Премьер-министр жыл соңына дейінгі міндеттерді белгіледі
Елде жыл соңына дейін 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілуі керек.
Көмір тасып, от жағу машақатын көріп отырған елді мекендерді көгілдір отынмен қамту деңгейі 64,5%-ға жетуі тиіс. Бүгін салаға жауаптыларға премьер-министр осындай жаңа міндеттер қойды. Үкімет отырысында жергілікті бюджет жоспарын орындай алмаған 9 өңірдің де мәселесі айтылды. Сонымен қатар биылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары баяндалып, алдағы мақсат-меже айқындалды.
Бюджетке миллиардтар жетпей жатыр. 9 өңір кіріс жоспарын ойдағыдай орындай алмай, қазынаға 278,3 млрд теңге түспей қалды. Биыл жергілікті бюджетке 6,9 трлн теңге түскенімен жоспар 96,1 пайызға ғана іске асты. Сандарды Қаржы министрі Мәди Тәкиев тізді. Жоспарлы жұмысты кешеуілдеткен аймақтар көшін Атырау, Павлодар және Маңғыстау облыстары бастайды. Көрсеткіш көңіл көншітпейді. Қаржы министрі өңір әкімдіктеріне жыл соңына дейін қосымша кіріс көздерін жұмылдырып, бюджет түсімін арттыру керектігін айтты.
Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:
- Жалпы бюджет қаражатының кем түсу көлемі 278,3 млрд теңгені құрады. Жалпы жоспар тоғыз өңірде орындалмады, оның ішінде басым ауытқу – Атырау, Павлодар және Маңғыстау облыстарында болды. Осыған байланысты әрбір өңірде меншікті кіріс әлеуетін пайдаланған жөн. Әкімдіктер мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесе отырып, жыл соңына дейін қосымша түсімдерді қамтамасыз ететін нақты шараларды қарастыруы қажет.
Өткен 9 айда ел экономикасы өсімінің негізгі драйверінің бірі өңдеу өнеркәсібі болды. Өндірістің өсуі 8,6%-ды құрады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді. Көрсеткіштер көңіл көншітпейтін сала барын да жасырмады. Биылғы тоғыз айда елдегі мұнай өндірісі 8,3%-ға азайды. Осылайша 69,4 миллион тоннаға төмендеген. Ал көлік саласында қаңтар-қыркүйекте транзиттік жүк тасымалының көлемі 13,1 пайызға өскен. Теміржол көлігімен 241,7 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға көп.
Мақсат Қалиақпаров, ҚР Көлік вице-министрі:
- Саланың негізгі үлесі қоймалау және қосалқы көлік қызметтеріне, теміржол және автомобиль арқылы жүк тасымалдау, сондай-ақ құбыр көлігіне келеді. Өңірлердің басым бөлігінде оң динамика байқалады. Ең жоғары көрсеткіш Алматы, Жетісу мен Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент пен Астана қаласында жақсы нәтиже тіркелді. Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында қоймалау және қосалқы көлік қызметтері мен құбыр көлігі бойынша қызметтер көлемі төмендеді.
Енді жыл соңына дейін атқарылуы тиіс жұмыс ауқымды. Білек сыбана кірісер шаруаның біразын үкімет басшысы тізіп берді. Санамалап айтсақ, 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілуі керек. Газбен қамту деңгейін 64,5%-ға дейін жеткізу міндеті тұр. Олжас Бектенов жауаптыларға осындай жаңа міндетті белгіледі.
Тұрғындар үшін тұрғын үй бағдарламаларының қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударылады. Қаржыландыру тетіктерін де жетілдіру қажет. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп қосымша ұсыныстар әзірленсін, деді үкімет басшысы.