Депутат үш ауысымды 48 мектептің мәселесін шешуді ұсынды

кадр бейнежазбадан

Бүгінгі Құрылтай отырысында «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралды. Жиында «Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров сөз сөйлеп, бюджеттің басты бағыттарына тоқталды және бірқатар маңызды ұсыныстар айтты, деп хабарлайды «24KZ».

Депутат өз сөзінде шығыны 30 триллион теңгеден асатын қомақты қаржының халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, сапалы білім мен медицинаға, жаңа жұмыс орындары мен жақсартылған инфрақұрылымға нақты ықпал етуі тиіс екенін атап өтті. Жобада әлеуметтік салаға 10,5 триллион теңге, өңірлерді дамытуға 7,5 триллион теңге бөлінгені көзделген. 

Үкіметтің бюджет тапшылығын қысқартуға бағытталған ұстанымын қолдайтынын жеткізген фракция жетекшісі басты міндет бюджет шығыстарын ұлғайтып қана қоймай, оның халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға нақты ықпал етуін қамтамасыз ету екенін баса айтты. Осы ретте ол білім беру саласындағы түйткілдерге жеке тоқталды.

Соңғы бес жылда елімізде мыңнан астам мектеп салынғанымен, Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша әлі де үш ауысымда оқытатын 48 мектеп бар, ал олардың жартысынан астамы Алматы облысында орналасқан. Фракциямыздың Қаскелең қаласына сапары кезінде бұл мәселені өз көзімізбен көрдік. Балалар кешке дейін оқып, үйлеріне қараңғы түскенде қайтады. Ал ата-аналар күн сайын балаларының қауіпсіздігіне алаңдап, түнде сабақтан күтіп алады.  Осыған байланысты Үкіметке апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін толық шешудің мерзімін белгілеп, 2027 жылдың өзінде құрылысы аяқталып қалған нысандарды қаржыландыруға басымдық беру туралы нақты міндет қоюды ұсынамын, - деді депутат. 

Сондай-ақ отырыста коммуналдық шаруашылық мәселесі де көтерілді. Елімізде жылу желілерінің орташа тозу деңгейі шамамен 50 пайызды құрайтынын атап өткен Айдарбек Қожаназаров бұл бағытта бөлініп жатқан қаражаттың тиімділігін халыққа түсінікті нақты көрсеткіштер арқылы бағалауды ұсынды.

Апаттар саны қаншалықты азайды? Қанша үй тұрақты жылумен қамтамасыз етілді? Жылу шығыны қаншалықты қысқарды? Азаматтар бюджет инвестицияларының нәтижесін өз үйлерінде, қалалары мен ауылдарында көруі керек.

Экономика мен жұмыс орындарын дамыту мәселесіне келгенде, депутат отандық өндірісті қолдау тетіктерін жетілдіру қажеттігіне тоқталды. Мемлекет тарапынан даму институттары арқылы үлкен қаражат бөлінгенімен, оның тиімділігі ақсап тұр. Мысалы, 1 тамыздағы жағдай бойынша бюджеттік капиталдандыру аясында «Бәйтерек» холдингіне аударылған қаражаттың шамамен 250 миллиард теңгесі әлі де жобаларды қаржыландыруға бағытталмаған.

Ал кәсіпкерлер бізді көрген жерде «қолжетімді несие алу қиын» дегенді қайталаумен келеді. Қарама-қайшы жағдай қалыптасып отыр. Мемлекетте бизнесті дамытуға арналған қаражат бар, кәсіпкерлерге қаржы қажет, бірақ осы екеуінің арасында әлі де кедергілер сақталуда, деді фракция жетекшісі. 

Осы түйінді шешу үшін уақытша пайдаланылмай жатқан қаражаттың бір бөлігін бизнес несиелеріне кепілдік беруге бағыттау ұсынылды. Бұл арқылы банктер тәуекелді мемлекетпен бөлісе отырып, кәсіпкерлерді белсендірек қаржыландыра алады.

Отандық өндірісті өркендетудің тағы бір маңызды жолы ретінде мемлекеттік және ірі компаниялардың сатып алуларында қазақстандық өнімдерге басымдық беру мәселесі көтерілді. Өткен жылы ірі тапсырыс берушілер жалпы сомасы 32,7 триллион теңгеге сатып алулар жүргізсе, ондағы Қазақстанда жасалған құнның үлесі шамамен 53 пайызды құраған. Депутат егер осы үлесті небәрі 1 пайыздық тармаққа арттырса, елде жасалатын қосымша құн 327 миллиард теңгеге жетіп, отандық зауыттарға қосымша тапсырыстар түсетінін, нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылатынын атап өтті. 

Бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігіне қатысты Жоғары аудиторлық палатаның деректерін келтірген депутат кейбір мемлекеттік тапсырмалар бойынша жұмыстың 97 пайызға дейінгі бөлігін негізгі орындаушы емес, өзге мердігерлер атқарғанын сынға алды.

 Егер жұмыстың барлығына жуығын басқа компаниялар атқарса, мемлекет қосымша делдалға не үшін қаржы төлеуі керек? Жұмысты жеке бизнес орындай алатын жағдайда ашық әрі бәсекелі сатып алу рәсімдерін кеңінен қолдану қажет, - деп түйіндеді ол.

Сөз соңында Айдарбек Қожаназаров мемлекеттік мүдделерді, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау қажеттігін ескере отырып, «Respublica» партиясының фракциясы 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қолдайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, депутаттар айтылған мәселелердің жүйелі түрде іске асырылуын және нақты нәтижелерге қол жеткізілуін қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз: