Рухи Ерсой: Қазақстандағы реформалар елдің демократиялық дамуының жаңа белесі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Түркиялық белгілі саясаткер, Түркия Ұлттық мәжілісінің бұрынғы депутаты Рухи Ерсой «Alem Talk» бағдарламасына берген сұхбатында еліміздегі саяси өзгерістерге, соның ішінде Құрылтай институтының енгізілуіне қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды «24KZ».
Сарапшы Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған Түркия мемлекеті бауырлас елдегі әрбір оң өзгерісті мұқият бақылап, жоғары бағалайтынын жеткізді. Оның пайымдауынша, қос палаталы парламенттен бір палаталы жүйеге көшу және тарихи институттарды қайта жаңғырту – елдің демократиялық дамуының жаңа белесі.

Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды мұқият бақылап отырмыз. Кейінгі жылдары елдің мемлекеттік басқару жүйесінде елеулі өзгерістер болды. Қос палаталы парламенттен бір палаталы жүйеге көшу бастамасы, ұлттық тарихымыз бен дәстүрімізден бастау алатын Құрылтай институтын қалыптастыру және ақсақалдар кеңесіне мәртебе беру осы үдерістің маңызды бөліктері. Бұл қадамдар елдің саяси жүйесін жаңғыртуға, қоғамдық пікір мен тәжірибені мемлекеттік басқарумен ұштастыруға бағытталған деп есептеймін, – деді Рухи Ерсой.
Спикер сондай-ақ көппартиялық жүйені дамыту мен демократиялық үдерістерді жетілдіруге мүмкіндік беретін бастамалардың маңыздылығына тоқталды. Түркі мемлекеттері ұйымының 2040 жылға дейінгі стратегиялық пайымы аясында бұл реформалар Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыра түспек.
Келесі кезеңде сауда көлемі мен өндіріс қуатын арттыру қажет. Екі мың отыз бес, екі мың қырыншы жылдары Түркі мемлекеттері ұйымы халықаралық аренада әлдеқайда ықпалды күшке айналуы керек. Бұл ықпал тек түркі халықтарына ғана емес, бүкіл адамзатқа пайда әкелуге бағытталуы тиіс. Біз мәдениет, өркениеттік құндылықтар және адамгершілік ұстанымымыз арқылы әлемге оң үлес қоса аламыз, – деп қорытындылады профессор.