Президент: Қоғам дамуының мүлде жаңа негізін қалыптастыруымыз керек
Мемлекет басшысы Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту елдің болашағын айқындайтын стратегиялық басымдық екенін атап өтті. Сондай-ақ жаңа технологияларды тиімді пайдаланып, цифрлық экономика қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды «24KZ».
«Биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында біз озық әрі технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет құру ісіне серпін бердік.
Енді бұл жұмысты әрі қарай жүйелі жалғастырып, жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құруымыз қажет. Үкімет, ұлттық компаниялар, креативті индустрия секторы осы үдеріске белсенді атсалысуға тиіс.
Бұл – жаңа дәуірдің талаптарына толық сай келетін аса маңызды жалпыұлттық міндет. Болашақтың экономикасын құру үшін таптаурын түсініктер мен ескірген тәсілдерден біржола арылуымыз қажет.
Қоғам дамуының мүлде жаңа негізін қалыптастыруымыз керек. Шын мәнінде, мұны озық технологиялар заманында өскелең ұрпақтың лайықты өмір сүруіне жол ашатын ұзақ мерзімге арналған жалпыұлттық миссия деуге болады.
Цифрлық дәуір қаншалықты күрделі, қиын, тіпті қауіп-қатерге толы болса да, біздің мақсат-мұратымыз өзгермейді.
Бұл – жаңа тұрпатты мемлекет құру, жаңғыру мен жаңару жолынан айнымау».