Жолдау-2026: цифрлық экономиканы дамыту міндеті қойылды
Цифрлық технологиялар халықтың табысын арттырып, кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндік ашуы керек. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында цифрлық экономиканы қалыптастыру міндетін қойды. Президент Үкіметке осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды, деп хабарлайды 24KZ.
Елде «Digital Qazaqstan» стратегиясын жүзеге асыруға қажетті инфрақұрылым қалыптасып келеді. Екі суперкомпьютер іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы бір есептеу жүйесі пайдалануға беріледі. Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмысы аяқталды. Деректерді өңдеу орталықтары да салынып жатыр. Алайда жасанды интеллектіні коммерцияландыру, блокчейнді дамыту және активтерді цифрлық форматқа көшіру бағытында атқарылар іс әлі көп. Президент осы міндеттерді қамтитын, экономиканы цифрландырудың нақты тетіктерін айқындайтын бағдарлама әзірлеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ интернетті ақпарат алмасу мен ойын-сауық алаңы ғана емес, табыс табудың көзіне айналдыру маңызды. Осы мақсатта Үкімет жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтуға арналған жеңілдетілген құқықтық режим әзірлейді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарының да цифрлық қызметтерді кеңінен пайдалануына жағдай жасауды тапсырды. Келесі жылы Үкімет бизнес өкілдерімен бірлесіп, бірнеше өңірде пилоттық жобаларды іске қосады. Бұл бастама ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге тауарын нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.