Жолдау-2026: маңызды бағыттар
Елімізде «Халықтық құрылыс» деп аталатын ауқымды бағдарлама басталады. Мұны бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтты. Оның аясында жүздеген инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып, мыңдаған адам жұмыспен қамтылады, деп хабарлайды 24KZ.
«Президент құрылыста ең алдымен әлеуметтік нысандарға басымдық беріледі», – деді. Бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді. Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің де құрылысы басталады. Үкіметтің алдында оларды ертерек бастап, көп ұзамай іске қосу міндеті тұр. Ал бүкіл құрылыс барысы қатаң бақылауға алынады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлінеді. Көптеген елді мекендерге газ және таза ауыз су тартылады. Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлейді. Бұл тізім барлық аймақты қамтуы керек. Біз халқымыздың артып отырған зор үмітіне лайық болуымыз қажет. Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға арналып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ. Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ.
Келесі маңызды бағыттардың бірі – көлік-логистика саласы. Президенттің сөзінше, біз Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құруымыз керек. Бұл – стратегиялық міндет. Себебі еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Демек біздің алдымызда жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті әлі де тұр. Бұл, әсіресе, солтүстік аймақтарға қатысты өзекті мәселе. Өйткені ол жақтарда жол тар, тіпті кей жерлерде өте нашар. Сондықтан ендігі кезекте «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту ісіне кірісу керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– «Логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажет. Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды фактордың бірі. Қазіргі таңда логистика мәселесімен барлық елдер айналысуда. Дамыған көлік-логистикасы болмаса, тіпті бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді. Келесі жылы елімізде «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылады. Жаңа бағыттың арқасында Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады. Тамыз айында «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталды. Бұл жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады. Үкімет осы салада қолға алынған барлық жобаның сапалы әрі уақтылы орындалуын қатаң бақылауға алады.
Елімізде соңғы жылдары энергия тапшылығы айқын сезіле бастады. Мұны Президент жауаптыларға жиі айтып жүр. Өйткені бұл – әрбір мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін, қала берді экономикалық егемендігін айқындайтын шешуші фактор. Еліміз қысты күндері электр энергиясына сұраныс шарықтайтын кезеңдерде көрші елдерден электр қуатын жоғары бағамен сатып алып отыр. Ал жазда керісінше сол электр энергиясы күрт төмендетілген бағамен кері қайтарылады. Қазақстан өзі жылына 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді. Бірақ өнеркәсібі өркендеп, құрылысы қарқын алып келе жатқан, ең бастысы, экономиканы жаппай цифрландыруды және жасанды интеллектіні қоғамдық өмірдің барлық саласына енгізуді жоспарлаған ел үшін электр бұл мүлдем жеткіліксіз. Осы тұста атом энергетикасының маңызы мен рөлі еріксіз ойға оралады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Жалпыхалықтық референдумның қорытындысы бойынша атом электр станциясын салу жөнінде дұрыс шешім қабылданды. Оның үстіне, бірден бірнеше станция салу көзделіп отыр. Қазақстанның атом электр станцияларына алдағы жүз жыл бойы қажетті уранмен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мемлекеттік стратегиялық уран қорын құру туралы ұсынысты байыппен қарастыруға тұрарлық деп санаймын. Атом электр станцияларын салуға қатысатын шетелдік серіктестерді Қазақстанда жоғары технологиялы өндірістер құруға, ядролық энергетика саласындағы білім мен құзыреттерді беруге, сондай-ақ отандық атом мамандарын даярлауға тарту маңызды. Мұндай ұсыныстарды Ресей мен Қытай компаниялары білдіріп отыр.
Осылай деген Президент келесі жылы «Балқаш» атом электр станциясының құрылысын бастау қажеттілігі туындауы мүмкін екенін жеткізді. «Сонымен қатар «Мойынқұм» атом электр станциясының құрылысын мүмкіндігінше тезірек бастау мақсатында кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қою мәселесін пысықтау керек», - деді.
Авторы: Дамир Берікұлы