Қазақстанның көлік-логистика әлеуеті артады

Қазақстан Еуразиядағы ірі логистикалық орталыққа айналуы керек. Бұл үшін теміржол желілері салынып, автомобиль жолдары жаңғыртылады. Келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылады, деп хабарлайды 24KZ.

Нәтижесінде Қытаймен арадағы жүк тасымалының жылдық өткізу қуаты 20 млн тоннаға артады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты. Әлемдік логистика жүйесі өзгеріп жатыр. Теңіз бағыттарындағы тәуекелдердің артуы құрлық арқылы жүк тасымалдаудың маңызын күшейтті. Қазір Қытайдан Еуропаға жөнелтілетін жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Сондықтан еліміз халықаралық жүк ағындарын бағыттаудағы рөлін күшейтуі қажет. Ол үшін отандық логистикалық компаниялардың жұмысын жандандырып, жүк жинақтау және тарату орталықтарын ашу көзделіп отыр. Сондай-ақ көлік тораптары маңында өндіріс орындары мен сауда алаңдарын дамыту маңызды. Президент «Арал – Каспий» күре жолының құрылысына да тоқталды. Тамыз айында басталған жоба Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің ұзындығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу уақытын үш күнге дейін азайтуға мүмкіндік береді.

«Біз Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құруымыз керек. Бұл – стратегиялық міндет. Еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Демек, біздің алдымызда жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті әлі де тұр. Бұл, әсіресе, солтүстік аймақтарға қатысты өзекті мәселе. Сондықтан ендігі кезекте «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту ісіне кірісу керек. Автокөлікпен жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерімізге жәрдем көрсету қажет. Себебі Қазақстан арқылы өтетін автокөлік транзитінің жартысынан көбі шетелдіктерге тиесілі. Осы саланы да ретке келтіретін уақыт келді, Үкімет тиісті іс-әрекеттерді қолданады. Негізгі мақсат – еліміздің жолдарының әлеуетін нығайтып, азаматтарымыздың табысын арттыру», – Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті.

Сонымен қатар келесі жылы барлық автомобиль өткізу пунктін жаңғырту аяқталуға тиіс. Президент жол құрылысының баяу жүргізілуін сынға алды. Енді республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының құрылысы мен сапасына Үкімет жауапты болады. Ал жұмысты Көлік министрлігі үйлестіреді. Мемлекет басшысы жол сапасына қойылатын талаптың қатаң екенін ескертіп, құрылыс материалдарының сапасын сылтауратуға жол берілмейтінін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз: