Президент: Бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс
Келер жылы микро және шағын бизнесті тексеруге мараторий енгізілуі мүмкін. Президент Үкімет пен Құрылтайға осы мәселені пысықтауды тапсырды, деп хабарлайды 24KZ.
Мемлекет басшысы үш жыл бұрын болған мараторийдің тиімділігін атап өтті. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге салықтық жүктемелерді жеңілдетіп, құжаттағы нормаларды қайта қарауды тапсырды.
Кәсіпкерлік көп мемлекетте экономиканың қозғаушы күші. Қазақстанда да бұл заңдылық сақталады. Бірақ кәсіпкерлерден заңсыз тексерістерге қатысты арыз-шағымдар әлі де азаймай тұр. Олардың дені экономикалық қудалауға түскенін хабарлаған. «Мысалы, импорттық тауарлардың құны қолдан төмендетіліп отыр. Ал отандық өнімдердің ішкі нарыққа шығу жолы әдейі шектеліп жатады. Шынын айтқанда, бұл – жемқорлық. Сондықтан осындай қитұрқы әрекеттерді тоқтату керек», – деді Президент.
Қасым Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Үкіметтің алдында орта бизнесті дамыту жөнінде арнайы жоспар әзірлеу міндеті тұр. Құжатта кәсіпорындарды ұзақмерзімді қаржыландыру әрі технологиялық тұрғыдан жаңғырту тетіктері көрсетілуі қажет. Орта бизнес өкілдерінің ірі кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеп, оларға өз өнімдерін өткізуіне жағдай жасау керек.
Бұл жолдауда салықтық өзгерістер де назардан тыс қалмады. Жаңа Салық кодексі жүйені қайта жүктеуге негіз болғанымен, кейбір нормалар бизнеске салмақ түсіріп отыр. Сондықтан Үкімет бизнеске құлақ түріп, салық заңнамасына нақты өзгерістер пакетін әзірлеуі тапсырылды. Ал мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді нығайту үшін тексерістерді тоқтата тұру бастамасы көтерілді.
Қасым Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Құрылтай депутаттары мен Үкіметке бұрынғы мораторийдің барлық оң және теріс тұстарын ескеріп, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап кезекті үш жылдық мораторий енгізу мәселесін талқылауды ұсынамын.
Бұдан бөлек, экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландыруда банктердің рөлін күшейту мәселесі сөз болды. Елді цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және азаматтардың табысын ұлғайту үшін инфляциямен күресу мемлекеттік саясаттың басым бағыттары болып қала бермек.