Қазақстан – БАӘ: авиация саласында әріптестік орнады

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері азаматтық авиация саласында бірлескен білім беру бағдарламасын әзірлейді, деп хабарлайды 24KZ.

Екі елдің жетекші оқу орындары осындай уағдаластыққа қол жеткізді. Тараптар Дубайда өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойды. Келісімнің орнауына әмірлік жеріндегі дипломаттарымыз ұйытқы болды. Ынтымақтастық үш бағытты қамтиды. Ең әуелі академиялық тәжірибе алмасу, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және ғылыми-зерттеу жүргізуге басымдық беріліп отыр. «Мақсат – студенттерді озық технологияға сай оқыту. Келешекте бастама инвестициялық тұрғыда да жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін», – дейді институт ректорлары.

Ахмад Әл Әли, БАӘ «Emirates Aviation University» вице-канцлері:

– Қазақстан елшісі бастаған делегацияның арнайы келіп, ынтымақтастық орнатуға ықпал еткені үшін алғыс білдіремін. Меморандум ұзақмерзімді әрі нақты нәтижелерге қол жеткізеді деген сенімдемін. Өзара тиімді әріптестікті дамытуға қашанда мүдделіміз. Озық тәжірибе алмасу мен ғылыми әлеуетті ұштастырудың маңызы зор.

Дәулет Мәмеков, ҚР Азаматтық авиация академиясының басқарма төрағасы:

– Президентіміз Қазақстанды Еуразияның авиациялық хабына айналдыру міндетін жүктеген еді. Сол тапсырма аясында заманауи инфрақұрылым қалыптастырып қана қоймай, кәсіби маман даярлау керегін аңғардық. Әсіресе білікті авиаторларға аса қажеттілік бары белгілі. Осы орайда халықаралық әріптестік аясын кеңейтуді қолға алдық. Ал әмірлік университеті маңызды серіктес ретінде таңдалды.

Сондай-ақ оқыңыз: