Жолдау-2026: судың да сұрауы бар

Елдің экономикасы өскен сайын суға деген сұраныс арта түседі. Мақта шаруашылығында ирригацияға тәуелділік 35 пайыздан асады. Бұл – ел бойынша ең жоғары көрсеткіш. Алайда су сарқылмайтын байлық емес. Қойнаудағы қазына күндердің бір күнінде түгесіледі, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір ғалымдар да, Үкімет те осы мәселеге алаңдап отыр. Тіршілік нәріне ұқыппен қарауды Президент Жолдауында тағы бір мәрте еске салды.

Ауыл шаруашылығы суды ең көп тұтынатын сала. Шамамен су қорының 60 пайызы қажеттілікті өтеуге жұмсалады. Оның басым бөлігін егістік алқаптары алып жатыр. Қазір шаруашылық мақсаттағы жер көлемі 2 млн гектарға жетті. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары ұлғаяды. Иә, экономикалық өсім артқан сайын тіршілік нәріне тәуелділік те еселенеді. Алайда су – сарқылмайтын байлық емес. Осы ретте Үкімет тіршілік нәрін үнемдеудің кешенді шараларына кірісті.

Ербол Салихбаев, ҚР СРИМ Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры:

– 2026 жылға дейін 543 мың гектар жерге енгізілген болса, 2026 жылы тағы 158 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізілді. Бұл бағыт бойынша мемлекет 3 жылға 200 млрд теңгеден астам қаржы қарастырған. Су үнемдеу технологиясы енгізген шаруаларға 80 пайызға дейін кеткен шығынды өтеп беруге бағытталған.

Суармалы алқаптардың басым бөлігі оңтүстік өңірлерде. Қызылорда шаруалары қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіріп отыр. Соның бірі Телікөл ауылындағы шаруа қожалығы. Үш жыл бұрын егін көлемі 280 гектар ғана еді. Қазір мың гектарға жетті. Алқап тамшылатып суарылады. Тың тәсілдің арқасында өнімнің шығымы артып, шығын азайған.

Сәкен Шағыртаев, шаруашылық иесі:

– Бұл жерде тамшылатып суарудың бір жақсы қасиеті, біздің енді климаттық ауа райымызға байланысты. Күн ыстығы бар, салқыны бар, көктемде егістік уақыты және вигетациялық период дейміз ғой, бас алу барысында бұл тамшылатып суару әдісі тап нүктесіне барады да, тамырына барады. Сол себепті бұл жақсы әдіс, өнімділік өте жоғары.

Қазақстан аумағында су үнемдеу құрылғыларын шығаратын 7 отандық зауыт бар. Олар Түркістан, Атырау, елдің шығысы Астана, Қарағанды және Қостанайда орналасқан. Бұрын ырыздығын жерден тапқан дихандар тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілдерін қолданса, биылдан бастап лазерлік тегістеу технологиясы енгізілді.

Сәрсенбек Монтаев, техника ғылымдарының докторы, профессор:

– Президент берген тапсырма өте өзекті мәселе. Себебі еліміз трансшекаралық өзендерге тәуелдіміз. Батысымызда Ресей Федарациясынан, оңтүстікте Қырғызстан мемлекеті осындай мысалдар көп. Ғалымдардың болжамы бойынша 2050 жылға дейін елімізде су тапшылығы пайда болуы мүмкін. Соған біз дайындалуымыз керек. Тамшылатып суару технологиясы қазір кеңінен қолданыла бастады. Тұщы суы жоқ Израильде пайда болды. Соны біздің мемлекетіміз де жақсы пайдаланып жатыр.

Кейінгі 3 жылда елде озық технология енгізілген суармалы егістік алқаптарының көлемі үш есе өсті. 2030 жылға қарай бұл меже 1 млн 300 мың гектарға жетуі тиіс. Мамандардың есебінше, бұл 2 млрд текше метрден аса тіршілік нәрін ысырап болудан сақтайды.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Ғалымжан Әбділахат

Сондай-ақ оқыңыз: