Қазақстан Халық Кеңесі жанынан жастар қозғалысы құрылады

Қазақстан Халық Кеңесі жанынан жастар қозғалысын құру ұсынылды. Жаңа бірлестіктің алғашқы кезеңінде еліміздің барлық өңірінен 126 жас азаматты тарту көзделіп отыр. Олар Кеңес мүшелерімен «кері тәлімгерлік» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Басты мақсат – жастардың тың бастамаларын қолдап, қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасау. Бұл туралы Петропавлда өткен «Ұлттың жаңа болмысы: жастар және азаматтық жауапкершілік» атты республикалық жастар лагерінде айтылды, деп хабарлайды «24KZ».

Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов Петропавл қаласында өткен «Ұлттың жаңа болмысы: жастар және азаматтық жауапкершілік» атты республикалық жастар лагерінің жұмысына қатысты. Кездесудің басты тақырыбы президенттік реформалар, олардың жастар әлеуетін ашудағы рөлі және жас буынның Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын іске асыруға қатысуы болды. 

Ерлан Қошанов жастарға ерекше жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Өйткені бүгінгі реформалардың нәтижесін көретін де, елдің ертеңін қалыптастыратын да – жас қазақстандықтар.

Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Мемлекет басшысының: «Жастар саясаты жастар үшін емес, жастармен бірге құрылуы керек», – деген қағидалы ұстанымын еске салды.

Соңғы жеті жылда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 50 пайыздан астам өсіп, 15 мың доллардан асқан. Осы кезеңде 3,6 миллион жаңа жұмыс орны ашылды. Білім беру саласында 650 мыңнан астам грант бөлініп, студенттердің стипендиясы 2,5 есе, докторанттардың стипендиясы 3 еседен астам өсті. Сонымен қатар 267 жатақхана пайдалануға берілді.

Бұл қағидатты негізге алған жаңа қозғалыс жастардың нақты бастамаларын жүзеге асыруға бағытталмақ. Оның құрамына бастапқы кезеңде еліміздің барлық аймағынан 126 жас азаматты қосу ұсынылады. Бұл – Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің санына сәйкес көрсеткіш. Осылайша Кеңестің әр мүшесі өзіне жас серіктес алып, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік алады.

Қозғалыстың негізгі бағыттары да айқындалды. Атап айтқанда, NEET санатындағы жастарды қолдау, кәсіби білім алуына және жұмысқа орналасуына жәрдемдесу көзделген. Астанада жүзеге асырылып жатқан JOLTAP жобасын өңірлерге тарату жоспарланып отыр. Сонымен бірге жастардың цифрлық дағдыларын дамыту, дарынды оқушыларға тәлімгерлік ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және азаматтық жауапкершілікті арттыруға басымдық беріледі.

Жастарды нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік пен интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстарына тарту да жоспарланған. Бұдан бөлек, волонтерлік, әлеуметтік және экологиялық жобалар, кітап оқу мәдениетін насихаттау мен патриоттық тәрбие қозғалыстың маңызды бағыттарына айналады.

Жиында жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру мәселесі де көтерілді. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Найла Мұхтарова әділдік, заңдылық және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қағидаттарын жас буынның бойына сіңіру маңызды екенін айтты. Ал М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Басқарма мүшесі Әділхан Төлепберген жауапты көшбасшылық пен өз бетінше шешім қабылдай білудің маңызын атап өтті. Қазақстан Халық Кеңесі жастардың маңызды ұсыныстарын сараптамадан өткізіп, заң шығару бастамасы құқығы аясында оларды заң жобаларына енгізуге мүмкіндік алады.

Жастар лагерінің аясында қатысушылар өңірдің цифрлық жетістіктерімен де танысты. «Digital Aimaq» көрмесінде Солтүстік Қазақстан облысында цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Бүгінде өңірде аудандық және ауылдық деңгейде 14 IT-орталық ашылған. Смирново ауылының тұрғындары заманауи цифрлық платформалар мен жасанды интеллектіні күнделікті міндеттерді шешу және табыс табу үшін пайдалануды үйреніп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз: