«Әділет» партиясының іскерлік кеңесі кәсіпкерлік мәселесін талқылады
Елде бизнес өкілдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына салынатын қосылған құн салығын 16%-дан 10%-ға дейін төмендету жөнінде бастама көтерді. Бұл шара тұтынушыларды қолдауға және азық-түлік инфляциясының әсерін бәсеңдетуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды 24KZ
«Әділет» партиясы Іскерлік кеңесінің отырысында Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова бұл бастаманы қарастыруға дайын екенін жеткізді. Алайда оның бюджетке, өндірушілер мен тұтынушыларға тигізетін әсерін бағалап, жан-жақты есеп жүргізу қажет. Партия төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев Іскерлік кеңес алаңында жедел жұмыс тобы құрылатынын және осы топ тиісті талдау жүргізетінін мәлімдеді. Сондай-ақ киім-кешекті цифрлық таңбалауға көшу мерзімі шегерілуі мүмкін. Кәсіпкерлер 1 желтоқсанға дейін қажет жабдықтарды сатып алу, есеп жүргізу жүйесін автоматтандыруға дайындалып үлгермейтіндерін айтты. Жиын барысында қазақстандық тауарларды ілгерілету, қамтылған отандық өндірушілердің бірыңғай тізілімін құру мәселелері қаралды.
Эльдар Жұмағазиев, «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары:
– Маркировкаға байланысты көптен келе жатқан сұрақ. Бұл – жалпы контрафактіні, көлеңкелі импорттың жолын кесуге байланысты шаралар. Отандық, қазіргі өнім өндіріп жатқан компанияларға бұл маркировканың керектігі айтылды. Алайда тек импортпен айналысатын компаниялар бұл талап қосымша салмақ түсіретінін айтып отыр. 1 желтоқсаннан бастап жеңіл өнеркәсіп тауарларын маркировкалау басталуы тиіс еді. Сондықтан осы мәселеге қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек.