Жер қойнауын пайдаланушылар отандық өндірушілерді көбірек қолдауға тиіс – Бектенов
Жер қойнауын пайдаланушылар отандық өнімге басымдық беру керек. Бұл мәселені Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов көтерді, деп хабарлайды 24KZ.
Оның айтуынша, отандық кәсіпорындардың ірі мұнай-газ жобаларына қатысу мүмкіндігін кеңейту қажет. Мәселен, биыл тоғыз айда энергетика саласындағы жер қойнауын пайдаланушылар 3,5 трлн теңгеден астам қаражатқа тауар мен қызмет сатып алған. Оның 55,4 пайызы немесе шамамен 1,9 трлн теңгесі отандық өндірушілерге тиесілі. Үкімет енді жергілікті өнімге сұранысты арттыру үшін сатып алу тәртібін өзгертуде. Қазір стандартталмаған тауарлар Tizilim платформасы арқылы сатып алынады. Ал өндірісті жергіліктендіру бойынша 60-тан астам бағдарлама мақұлданған. Сонымен қатар мұнай-газ жобаларындағы келісімшарттарға жергілікті қамтудың ең төменгі үлесін енгізу жоспарланып отыр. Тауарлар бойынша – 30%, ал жұмыстар мен қызметтер бойынша 80% болуы көзделген.