Биыл 200 жаңа өндіріс іске қосылады

Елде бұрын-соңды өндірілмеген тауарлар енді Қазақстанда шығарылатын болды, деп хабарлайды 24KZ.

Олардың қатарында кофе машиналарына қажетті бөлшектерден бастап, теміржолға арналған доңғалақ, престеу жабдықтарына дейін бар. Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев осылай деді. Жалпы биылғы 10 айда өңдеу өнеркәсібіндегі өнімділік 9,3%-ға өскен. Министрдің айтуынша, биыл 200 инвестициялық жоба іске қосылуға тиіс. Жаңа кәсіпорындар 17 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Оның ішінде 5,5 мың жаңа жұмыс орны ауыл-аймақта ашылмақ.

Бақыт Топтаева, тілші:

Биылға жоспарланған 200 жоба Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін игеруге мүмкіндік береді. Бүгінде оның 125-і іске қосылған. Бұл жобаларға 900 млрд теңге инвестиция бағытталған. Ал 200 жобаға құйылған инвестицияның жалпы көлемі 1,7 трлн теңгеден асады. Жобадағы өндірістің бәрі іске қосылып, толық қуатына енсе, онда жыл сайын шамамен 1,5 трлн теңгенің өнімі өндіріледі. Өнеркәсіп және құрылыс министрі бұл ретте бірқатар жобаға тоқталып кетті.

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

– Жаңа өндірістік қуаттарды дамыту. Ол үшін Балқаш пен Ақтоғайда қуаты 300 мың тонна болатын екі мыс балқыту зауытын салу жоспарлануда. Сонымен қатар мыс концентратын өндіруді арттыру үшін Көксай және Айдарлы жобалары іске асырылады. Бұл жобалар қосымша 1,7 млн тонна мыс концентратын өндіруге мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде 2030 жылға қарай мыс концентратын өндіру 1,5 есеге, ал мыс өндіру екі есеге арттыру жоспарлануда.

Бақыт Топтаева, тілші:

– Биыл он айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,2%-ға өсті. Өндірісті кеңейтіп, ауыл шаруашылық техникасын жаңартуға фермерлерге 1 трлн 200 млрд теңге көлемінде субсидия бөлінген. Яғни 25 мың ауыл шаруашылық өнім өндірушіге осындай қолдау көрсетіліпті. Оның 90%-ға жуығы – шағын және орта шаруашылықтар. Отырыста ауыл шаруашылығы министрі отандық астыққа деген сұранысты арттыру тетіктеріне тоқталды.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге ерекше назар аударылып отыр. Осы бағытта 2029 жылға дейін жылына 1,8 тонна шикізатты өңдейтін 6 ірі жобаны іске асыру көзделген. Алғашқы нәтиже бар. Биыл Түркістан облысында Қазкрахмал зауыты, Жабыл облысында Fufeng Group компаниясының жобасы іске қосылды. Қазкрахмал зауытында жүгеріден глюкоза, фруктоза сироптарын өндіру көзделген. Fufeng жобасы аясында крахмал, лизий, тренин, бутофан, глутомин, цинк аминоқышқылдарын шығару жоспарланған. Бұл өнімдерге әлемдік нарықта сұраныс өсуде.

Бақыт Топтаева, тілші:

– Үкімет отырысында энергетика, жасанды интеллект және цифрлық даму, ауыл шаруашылығы және өзге де министрлік басшылары әр салада атқарылған жұмыстарды қорытындылап, болашақ жоспарларды пысықтады. Премьер-министр Олжас Бектенов халықтық құрылыс жобаларына қажетті тауарлар импортын қысқарту мақсатында отандық өндірушілерге барынша қолдау көрсетілетінін атап өтіп, жаңа жобалардың уақытылы тапсырылуын міндеттеді.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ақылбек Есімсейіт

Сондай-ақ оқыңыз: