Елде ірі қара экспортына тыйым ұзартылды
Елде ірі қараны шетелге шығаруға тағы алты айға тыйым салынды. Шектеу Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне де қатысты, деп хабарлайды 24KZ.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл шешім ішкі нарықты етпен қамтамасыз етіп, бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп есептейді. Бірақ экспортқа тәуелді шаруаларға енді малын ел ішінде өткізуге тура келеді.
Бұдан былай отандық шаруалар ірі қараны шетелге тірідей сата алмайды. Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығы күшіне енді. Құжатқа сәйкес экспортқа қойылған тыйым алты ай бойы қолданылады. Министрлік мұндай қадамға сиыр етінің бағасын реттеу себеп болғанын айтады.
Саят Қамзин, ҚР АШМ Сыртқы сауда басқармасының басшысы:
– 2025 жылдың қорытындысы бойынша сиыр етінің бағасы 26 пайызға дейін шарықтаған болатын. Осы бағаны тұрақтандыру және ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру шаралары негізінде осы уақытша шектеу енгізілді.
Бұған дейін кәсіпкерлер ірі қараны қыстыгүні бордақылап, көктемде көрші елдерге өткізетін. Енді малды тірідей экспорттаудың орнына ішкі нарыққа бағыттауға тура келеді.

Ресми дерекке сүйенсек, былтыр Қазақстанда 435 мың тонна сиыр еті өндірілген. Оның 32 мың тоннасы шетелге сатылған. Сонымен қатар 13 мыңға жуық ірі қара тірідей экспортталған. Мамандардың мәліметінше, ел ішінде сиыр етін тұтыну да төмендеген. 2021 жылы бұл көрсеткіш 500 мың тонна болса, биыл шамамен 400 мың тоннаға дейін азайды.
Батырбек Қошқарбаев, кәсіпкер:
– Осы кезге дейін жылқы малы ешқашан сиырдан төмен болмаған. Қайта жақсы деп ойлаймын. Жылқы етін жеу керек. Бұл жерде шаруалар соңғы 2 жылда жағдайын жақсартып алды. Шектеу болғаны жақсы деп ойлаймын.
Ал қой етіне сыртқы нарықта сұраныс артып келеді. Былтыр 11 айда 30 мың тоннаға жуық өнім экспортталған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп. Әсіресе Парсы шығанағы елдері біздің етке қызығушылық танытып отыр. Сауд Арабиясына да халал сертификатымен өнім жеткізіле бастаған. Осыған байланысты отандық шаруалар шетел нарығының талабына сай, құйрық майы аз, етті тұқымдарды көбейтуге ден қойған.
Жұмабек Божиков, зоотехник:
– Құйрық майын азайту жолында біз ұзақ жыл жұмыс жасап келеміз. Мысалы, шетелге шығару үшін көбіне құйрық майын азайту үшін Еділбай мен Дорперді будандастырып, соны араб еліне шығарып жатқан жағдайларымыз бар. Қазір ет бағытында сұраныс көп .
Айта кетейік, ірі қараны экспорттауға шектеу бұған дейін де бірнеше рет енгізілген. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл жолғы шешім отандық ет өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталғанын мәлімдеді.
Авторы: Данияр Сұлтанұлы