«Халықтық құрылыс»: медициналық мекемелер салынып жатыр
Қызылорда облысында «Халықтық құрылыс» жобасымен көпбейінді аурухана, заманауи емханалар мен перинаталдық орталық салынып жатыр. Одан бөлек, ұлттық балаларды оңалту орталығының өңіраралық филиалы ғимаратының құрылысы басталады. Жер бөлініп, құжаты әзірленіп жатыр. Орталық пайдалануға берілген кезде, қазіргі клиникаға түсетін жүктеме азайып, күрделі неврологиялық оңалту шаралары қолжетімді болады, деп хабарлайды 24KZ.
Небәрі 60 төсек-орынға арналған қолданыстағы оңалту орталығында қазір бос орын жоқ. Соған қарамастан, орталық жылына 14 кезеңде 840 баланы емдеу-сауықтырудан өткізеді. Олардың қатарында жергілікті балалармен бірге Түркістан және Ақтөбе облыстарынан келгендер бар. Сұраныс жоғары. Барлық баланы қамтуға қуаты жетпейді. Салдарынан арнайы мамандардың көмегіне мұқтаж балалар кезек күтуге немесе ем алу үшін Астанаға баруға мәжбүр.
Маржан Тілеулиева, «Ұлттық балаларды оңалтау орталығы» ҚОФ директоры:
– Ерекше балалардың санының артуына байланысты қазіргі таңда біздің мамандардың, яғни дәрігерлердің, педагог мамандарымыздың жүктемелері көбеюде және сұраныс балалардан, ата-аналардан сұраныс жоғарылауда. Сондықтан бізге жаңадан ғимарат салып берсе, алдағы уақытта біз осы ерекше балалардың біздің орталықта ем алуына және ем-дом болуына біз үлкен үлесімізді қосар едік.
Жауапты ведомство өкілдерінің айтуынша, жаңа ғимарат «Халықтық құрылыс» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынады. Заманауи медициналық орталық 150 орынға шақталған. Ол озық стационарлық және амбулаториялық жабдықтармен жарақталады.
Бектас Нұратдинов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
– Тиісті жер телімдері бөлінді. Сонымен қатар орталық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл нысан іске асырылған жағдайда балаларымыз республикалық орталыққа бармай-ақ, барлық емдеу-оңалту шараларын өз облысымызда, қаламызда алуға мүмкіндік алады. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді, атап айтқанда, қосымша төсек-орындарға қажеттілік пен тозығы жеткен ғимараттар мәселесін жүйелі түрде шешуге мүмкіндік туады.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында өңірде бірнеше медициналық нысанның құрылысы жүріп жатыр. Ең ірісі – Қызылорда қаласының сол жағалауында салынып жатқан көпбейінді аурухана. Аурухана 300 орынға шақталған. Сонымен қатар оның құрамында бір ауысымда 100 адамды қабылдайтын емхана болады. Медициналық мекемені жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, облыс орталығында 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы басталды.
Болат Мадияров, «Нұрлытау ЛТД» ЖШС өндірістік жұмыстар жөніндегі басшысы:
– Құрылыс жұмысы үш кезеңнен тұрады. Қазір бірінші кезеңнің жұмыстары басталды. Оның ішінде бетон құю және арматура байлау жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы бұл нысанда 180 жұмыс орны қарастырылған. Қазіргі таңда 56 адам жұмыс істеп жатыр. Қараша айында бастадық, 2028 жылы тапсыру жоспарланған.
Перзентхана және ауруханалармен бірлесіп жұмыс істейтін оңалту орталығының ашылуы балаларға туғаннан қажетті медициналық көмек алуға және кейін оңалту курсынан өтуге мүмкіндік береді. Жаңа орталықтар ашылса, тұрғындарға сапалы медициналық көмек алу жеңілдейді. Сонымен қатар дәрігерлер үшін жұмыс орындары ашылады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Ақан Әлиев