Мәслихат сайлауында бәсеке күшті
Ел бойынша мәслихаттағы бір орынға орта есеппен үш-төрт үміткерден келеді. Яғни алдағы сайлауда бәсеке жоғары болады. Астанада өткен TALQYLAU диалог алаңында сарапшылар алдағы сайлаудың ерекшелігіне тоқталды, деп хабарлайды 24KZ.
Біріншіден, соңғы жылдары елде үш жаңа облыс құрылып, біраз аудан мен бірнеше қала пайда болды. Соған сәйкес бірқатар елді мекеннің әкімшілік мәртебесі өзгерді. Екіншіден, мәслихат депутаттары аймақтың ерекшелігін ескеріп, халықтың талап-тілегіне сай тиімді жұмыс қалыптастыруы тиіс. Сонымен 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының сайлауына барлығы 3 447 мандат, яғни орын бөлінген. Оның 668-і облыстық, 626-сы қалалық, ал 2 153-і аудандық мәслихаттарға тиесілі. Жалпы үміткерлер саны 11 мыңға жуық.
Талғат Қалиев, саясаттанушы:
– Жергілікті мәслихат депутаты – нағыз жергілікті саясаткер. Өйткені ол үнемі халықтың арасында жүреді. Сондықтан өзекті мәселелерді көтеріп, халықтың талап-тілегін тиісті орындарға жеткізуі керек. Сонымен қатар берген уәделерін орындауы қажет. Осындай жұмыстарды жүйелі атқарса, нағыз халық қалаулысына айналады.