Қарағанды облысында 75 ауылдың әкімі сайланады

Қарағанды облысы бойынша ауыл әкімі болуға 91 адам өтініш берсе, оның 13-і әйел.

Үміткерлердің орташа жасы 43. Дегенмен, бұл соңғы мәлімет емес, өтініш шілде айының 9-ына дейін қабылданады. Қазір  өңірде 200 ауыл әкімі бар. 75-нің өкілеттік мерзімі аяқталғандықтан жуырда қайта сайланады. Сайлау өтетін 149 елді мекенде 130 мың халық тұрса, соның 80 мыңы сайлаушы.  Әдетте әр бос орынға шамамен 3-5 адам таласады, дейді Қарағанды облыстық сайлау комиссиясы.

Мәдина Әпиева, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

- Өтініш берген 91 адамның 65-і мемлекеттік қызметкер. Арасында жұмыссыздар, коммерциялық құрылым өкілдері, бюджеттік мекеме мамандары да бар. Бұл тек бастамасы ғана. Сайлауға 13 әйел қатысып жатыр. Ал жас ерекшелігіне келсек, ең жасы 26-да, ең ересегі 61-де. Саяси партиялар жаппай өз үміткерлерін ұсынып жатыр. Барлық селолық округ қамтылады деп сенеміз.