Тәуелсіздік жылдары Қазақстан 186 елмен дипломатиялық қатынас орнатты

2 шілде Қазақстанның дипломатиялық қызмет күні. Сыртқы саясат өкілдерінің кәсіби мерекесі. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бастап халықаралық сахнада бейбіт даму саясатын ұстанып, көп жетістікке қол жеткізді. 186 мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатып, 4 мыңнан астам келісім-шартқа қол қойды.

Әрине бұл жетістікке сала қызметкерлерінің ерен еңбегі арқасында қол жетті. Коронавирус індеті дипломатия қызметіне де ықпал етті. Біздің елшіліктер дағдарысты қалай еңсеріп, жаңа халықаралық жағдайға қалай бейімделді?

Пандемия басталғалы әлем елдерінде карантин жарияланды. Осыған қарамастан еліміздің шетелдегі дипломатиялық өкілдіктеріне жұмысын жалғастыруға тапсырма берілді. Індетпен майданға алғаш болып Қытайдағы дипломаттарымыз кірісті. Уханьда коронавирус тіркеле салысымен мемлекеттер арасында әуе байланысы тоқтап, қатынас үзілді. Осындай сын сағатта елшілік қызметкерлері жабық шаһардан 850 азаматымызды елге қайтарды. Жалпы індет кезінде Сыртқы істер министрлігінің жанындағы қазақстандықтарға көмек көрсету оперативтік штабы мен шетелдегі өкілдіктеріміз 33 мыңнан аса азаматтың оралуына қолдау көрсетті. Барлығы 385 арнайы әуе рейсі ұйымдастырылды. 

Ғабит Қойшыбаев, Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

- Былтыр осы қиын жағдай кезінде біз жұмысымызды кішкене жаңа жағдайға икемдеуге мәжбүр болдық. Жұмыстың негізгі бөлігі енді қазақстандықтарды Отанға қайтару және осы Қытайда қалған қазақстандықтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, Қазақстанға медициналық бұйымдарды, дәрі-дәрмектерді, жалпы гуманитарлық көмекті жеткізуге арналды. Бұл жұмыста елшіліктің дипломаттары біраз тәжірибе жинақтады.

Әлемдік карантин дәстүрлі дипломатиялық қызметке де өзгеріс әкелді. Жұмыстың маңызды бөлігі саналатын жеке жүздесу қашықтан онлайн байланыспен алмастырылып, іс-шаралар бейнеконференция, телефон арқылы жүргізілді. Алайда қазақстандық дипломаттар қиындыққа қарамастан жаңа ахуалға тез бейімделіп, халықаралық сахнада еліміздің мүддесін абыроймен қорғауды жалғастырды.

Ерболат Сембаев, Қазақстанның Италиядағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

- Індет алғаш тараған кезде осы елдің Сыртқы істер министрлігі мен өзге де орган өкілдерімен тікелей қатынасқа түсе алмай қиындық туды. Себебі дипломатия бұл ең алдымен адамдармен жеке жүздесу арқылы іске асырылатын жұмыс. Сондықтан біз үшін ауыр болды. Есесіне қашықтан жұмыс істеуде мол тәжірибе жинадық. Сенім грамотасын онлайн тапсыруды үйрендік. Мысалы, БҰҰ ауылшаруашылық ұйымының бас директорына сенім грамотасын қашықтан қалай тапсырғаным есімнен кетпес.

Әлемде сауда-экономикалық қарым-қатынас тұралап, Қазақстан да сыртқы саясатта экономикалық дипломатияға басымдық берді. Бұл еліміздің сыртқы саясаттағы жаңа тұжырымдамасында көрініс тапты. Отандық дипломаттарға еліміздің экспортын ұлғайтып, шетелдік инвестиция көлемін арттыру сынды тапсырмалар қойылды. Себебі індеттен дүние жүзінде инвестиция деңгейі 40%-ке төмендепті. Шетелдегі елшіліктер бұл қиындықты еңсеріп, жоғарғы көрсеткішке қол жеткізді. Мысалы, былтыр Түркиядан Қазақстанға 363 млн доллар инвестиция тартылған. 

Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

- 400-ден астам кездесу тікелей және онлайн форматта жүзеге асты. Осы кездесулердің нәтижесінде 2020 жылы 30-дан астам ірі компаниялардың сапары ұйымдастырылды. Мысалы, 2020 жылы 8 нақты жоба жүзеге асырылды. Енді сонымен қатар тағы бір статистикалық көрсеткіш өткен жылы Қазақстанда нақты жұмыс істеп жатқан компаниялардың саны 2500 болса, үстіміздегі жылы ол 30% өсіп, 3300-ге жетіп отыр.

Пандемияға қарамастан Қазақстанның көп векторлық, прагматизм, өзара сенімділік сынды сыртқы саясат негіздері өзгеріссіз жалғасып келеді. Еліміздің дипломаттары да ұлттық мүдделерімізді қорғап, еліміздің дамуы үшін аянбай еңбек ете береді.

Дәурен Ақашұлы, Айдана Кәрібжанова