Тоқаев пен Бердімұхамедов жекелеген және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізеді

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстан Республикасына президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің шақыруы бойынша мемлекеттік сапары басталды. Сапар 2 күнге жалғасады.

Шынар Асанқызы, тілші:

- Сыртқы істер министрлігі ұсынған ақпарат бойынша қос елдің президенті жыл басынан бері төрт рет телефон арқылы сөйлескен екен. Ал бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл Түрікменстанға жасаған екінші сапары. Тамыз айында ол Орталық Азия елдері басшыларының кездесуіне келіп қатысқан болатын. Бірақ бұл жолғы сапарының мәртебесі бөлек. Бұл мемлекеттік сапар.  Яғни мұның ерекшелігі сол – күн тәртібіне ең өзекті, ең өткір мәселелер шығарылады. Тағы бір ерекшелігі, қонаққа ең жоғарғы деңгейдегі сый-құрмет көрсетеді. Түрікмендердің сыйлы қонағының алдынан дәм-тұзын ала шығатын бір үрдісі бар. Біздің Президентке де әуежайдан түскен бойда осындай құрмет көрсетілді. Қасым-Жомарт Тоқаевты күтіп алуға Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Сердар Бердымұхамедов келді. Ол ел Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың ұлы екенін айта кету керек. Әуежайдан кейін Президент кортежі бірден Ашхабадтағы ең маңызды нысандардың біріне жол тартты. Гурбангулы Бердімұхамедов әріптесін өзінің ақалтеке ат спорты кешенінде арнайы күтіп алды. Бұл барша түрікмендер үшін құрметті нысанның бірі. Өйткені ақалтеке жылқысын олар ұлттық бренд деп санайды. Тіпті түрікмендердің мемлекеттік елтаңбасы мен ұлттық валютасында да оның бейнесі басылған. Ел Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевқа ат спорты кешеніндегі жеке коллекциясына кіретін асыл тұқымды жылқыларын көрсетті. Президенттер сосын ат құлағында ойнайтын шабандоздардың шоуын тамашалап, кешкі асты бірге ішті. Ертең сапардың соңғы әрі маңызды күні. Өйткені президенттер жекелеген және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізетін болады.

Сөз басында қос Президенттің ұдайы сөйлесіп, кездесіп отыратынын айтқан болатынбыз. Әрине бұл екі елдің тауар айналымына, саяси, мәдени арақатынасына оң әсер тигізері сөзсіз. Жыл басынан бері Қазақстан мен Түрікменстан 100 млн АҚШ долларының тауарын алмасыпты. Осылайша былтыр карантин уақытында тұралап қалған тауар айналымы бірден 17 процентке өсіп отыр. Ертеңгі кездесу кезінде де екі елге пайдасын әкелер келіссөздерге қол қойылмақшы. Ол туралы алдағы эфирлерде толық айтатын боламыз. 

Шынар Асанқызы, Алмас Омарғалиев, Дулат Ентебеков, Президент ТРК көмегімен Ашхабадтан.