Израиль-Қазақстан: іргелі елмен ынтымақ күшті

Израиль Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толғанын атап өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таяу Шығыстағы мемлекет қазақ елімен байланысты аса құрметтейді. Сондықтан арадағы достық қарым-қатынасты жан-жақты дамытуға ниетті. Ришон-ле-Цион қаласындағы саябақ естелік деп аталады. Бұл жерде Холокост құрбандарына арналған ескерткіш бар. Дәл осы арада Қазақстан мен Израиль арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына орай ескерткіш тақта ашылды. Орын да бекер таңдалмаған. Себебі қазақ халқы фашистерден бас сауғалаған еврей жұртына пана болмағанда, Холокост құрбандары әлдеқайда көп болар еді.  

Максим Бабицкий, Ришон-Ле-Цион қаласы мэрінің міндетін атқарушы:

– Соғыс кезінде Қазақстан 8 мыңнан аса еврейді паналатып, ажалдан құтқарып қалды. Жай қабылдап қана қоймай, қонақжайлылық танытып, бауырына басып, қолындағы барымен бөлісті, олардың жақсы өмір сүруіне жағдай жасады.

Қазір екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынаспен қатар тығыз байланыс орнаған. Израиль Қазақстанның достық ниетіне аса құрметпен қарайды. Оған Нұр-Сұлтан қаласындағы қамқорлыққа алынған синагога дәлел. Ал Қазақстан дәрігерлері Израиль медицинасының озық үлгісін үйреніп, шаруалар үздік технологиясын тәжірибеге енгізген.

Сатыбалды Буршаков, Қазақстан Республикасының Израильдегі төтенше және өкілетті елшісі:

– Қазір біздің алдымызда тұрған міндет Қазақстан нарығына Изриаль компанияларын көптеп тартып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру. Келесі жылдың көктемінде осы мәселе бойынша үкіметаралық комиссияның отырысын өткізуді жоспарлап отырмыз.

30 жылдық мерейтойға орай екі елдің дипломаттары мен бас қалалары әкімшілігінің өкілдері ағаш екті. Тараптар екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастық одан әрі нығая түсетініне сенімді.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Сергей Ауслендер