Елбасы Өзбекстан Президентімен кездесті

Мемлекеттік сапар аясында Шавкат Мирзиёев Нұрсұлтан Назарбаевпен де кездесті, деп хабарлайды Хабар 24.

Елбасы әуелі Өзбекстан басшысын президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады. Бауырлас халықтың игілігі жолындағы қызметіне табыс тіледі.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы

– Сайлауалды науқан барысында сіз ұсынған «Жаңа Өзбекстан» стратегиялық бағдарламасында нақты мақсаттар мен міндеттер айқындалған. Халық мемлекеттің қай бағытта дамып келе жатқанын біліп отыруға тиіс. Кезінде мен де «Қазақстан – 2030» Стратегиясын, кейін еліміздің 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасын ұсынған едім. Мен мемлекет басшысы лауазымында болған жылдары әрдайым біздің елдеріміз арасындағы екіжақты байланыстарды дамытуға баса мән бердім. Сіз мұны жақсы білесіз.

Осыдан соң елбасы бүгін екі ел басшылары қол қойған Одақтастық байланыстар туралы декларацияның маңызына тоқталып, Қазақстан мен Өзбекстан қатынастарының жаңа парағы ашылғанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы

– Бізді ортақ тарихымыз, мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз байланыстырады. Еліміздің арасындағы достық қарым-қатынастың маңызы зор. Ол туындаған мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Өзіңізге мәлім, мен өңіріміздегі бес мемлекетті экономикалық кеңеске біріктіруге тырыстым. Сол үшін Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кеңесін құруды ұсындым. Осы бастаманы қолдағаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін.

Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев Қазақстан барлық жетістікке сныдарлы саясаттың арқасында қол жеткізгенін айтты. Сонымен қатар елбасының Қазақстан-Өзбекстан стратегиялық ынтымақтастық қатынастарының қалыптасуы мен дамуына қосқан сүбелі үлесіне назар аударды.

Шавкат Мирзиёев Өзбекстан Республикасының Президенті

– Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде қазіргі қарым-қатынасымыздың негізін қаладыңыз. Еліміз арасында әрдайым ашық әрі сенімді байланыс болсын дедіңіз. Соңғы бес жылда осы бағытта серпіліс бар екенін байқап отырмыз. Сізбен бірге жұмыс істей бастаған кезде Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 317 миллион доллар болатын, қазір ол 4,5 миллиард доллардан асады. Бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен алдымызға бұл көрсеткішті үш-төрт жылда 10 миллиард долларға жеткізу туралы маңызды мақсат қойдық.