Эр-Риядта ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай салтанатты қабылдау өтті

Эр-Риядта ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай салтанатты қабылдау өтті
inform.kz

Эр-Рияд қаласында Сауд Арабия Корольдігіндегі Қазақстан елшілігі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мерекелік қабылдау өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан елшісі Б.Арын өз сөзінде Тәуелсіз Қазақстанның 30 жыл ішіндегі негізгі жетістіктерін атап өтіп, қонақтарды еліміздің қазіргі саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірі туралы хабардар етті. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің қалыптасуындағы рөліне, сондай-ақ әлемдік қоғамдастықтың кең қолдауына ие болған оның халықаралық бастамаларына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, елші ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан экономикалық және саяси реформалар туралы айтып берді.

Қазақстандық дипломат Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен САК мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салман арасындағы жеке байланыстың, сондай-ақ САК Консультативтік кеңесінің төрағасы Абдалла аш-Шейхтің және САК инвестициялар министрі Халид Фалихтың Қазақстанға сапарының арқасында осы жылы қарқын алғанын тілге тиек етті. Салтанатты қабылдауға қатысушыларға қысқа метражды деректі фильм көрсетіліп, Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы фотокөрме ұйымдастырылды.

Елшілік аумағында қазақтың киіз үйі мен көшпенділердің қолданбалы өнерінің ұлттық бұйымдары қойылған этнографиялық көрме ұйымдастырылды.

Қабылдау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітаптары, сондай-ақ Қазақстан туралы және оның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы, Қазақстан-Сауд қарым-қатынастары туралы баяндайтын өзге де ақпараттық-имидждік материалдар таратылды.