Қытай Қазақстан аумағындағы түрлі жобаларды дамытуға 20 млрд доллар құйды

Қытай Қазақстан аумағындағы түрлі жобаларды дамытуға 20 млрд доллар құйды

Электр қуатын күн мен желден аламыз. Қазақстан ірі станцияларды іске қосып, энергия өндіруге көшті. Жаңғыртылатын қуат көздерін пайдалану бойынша бір ғана Қытайдың өзімен бірнеше жоба іске асып келеді. Қытай – қазір елге салған инвестициялар бойынша бесінші орында тұр. Яғни, кейінгі 15 жылда бұл ел Қазақстан аумағындағы түрлі жобаларды дамытуға 20 млрд доллар құйған.

2060 жылы Қазақстанда жаңғыртылатын және баламалы қуат көздерінің үлесі 80%-ке жетуі тиіс. Қазір елімізде экологиялық таза жобалар жүзеге аса бастады. Қытай компаниялары Қазақстандағы жасыл энергетикаға инвестиция құюға белсенділік танытып келеді.  

Нань И,  Шанхай энергетика компаниясының президенті:

– Бүгінде біздің компаниямыз Қазақстанның жаңа энергетика саласындағы 6 жобаға инвестиция құйды. Қазақстан Президенті елде жаңғыртылатын қуат көздерінің үлесін арттыратынын мәлімдеді. Ынтымақтастығымыздың болашағы зор деп санаймын.

Аталған 6 жобаның төртеуі іске қосылды. Сарапшылардың мәліметінше, онда энергия өндірісі жоспардан асып кетті. Тағы екі жобаның құрылыс жүріп жатыр.  

Нань И, Шанхай энергетика компаниясының президенті

– «Абай» жобасы жел қуатының әлеуеті зор Алматы облысында орналасқан. Сол жерде энергияны көп тұтынатын ірі мыс кеніші бар. Инвестициялау арқылы елді мекенді арзан әрі таза энергиямен қамтуға ниеттіміз. Іске қосылғаннан кейін ол Орталық Азиядағы ең ірі электростанция болады. 

Кейінгі үш жылда қос елдің компаниялары Күн мен желден қуат өндіретін 4 электростанция салды. Олардың жалпы қуаты - 320 МВт.

Қуаныш Амантай, Инвестициялар тарту бойынша қазақстан компаниясының қытайдағы бас өкілі:

– Үш жобаны жеке меншік компания, ал біреуі Қытай мемлекеттік кәсіпорнының қатысуымен жүзеге асты. Барлық жобаларға қазақстандық компаниялар қатысқан. Қытай тарапы гидроэлектростанцияларға үлкен қызуғышылық танытып отыр. Бұл тұста Қытайдың озық технологиялары мен мол тәжірибесі бар.

Қытай компанияларымен бірлесіп ең ірі Мойнақ және Шығыс-Қазақстан облысындағы Тұрғұсын гидроэлектростанциясы салынды. Кейінгі жылдары қытайдың жеке меншік компаниялары Қазақстанға жиі инвестиция құятын болды. Оларды экономикамыздың тұрақтылығы мен ашықтығы және қолайлы бизнес-климат қызықтырады. 

Ван Кэвэнь, Шетелде кәсіпорындарды дамыту бойынша қытай қауымдастығы бас хатшысының орынбасары:

– Кейінгі 30 жылда Қытайдың Қазақстандағы инвестициялық құрылымы өзгерді. Алғашында қаражатты мұнай мен тау-кен өндірісіне құйса, қазір мұнайхимиясы, метал өңдеу, электроэнергетика, машина жасау, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу, фармацевтика және қаржы саласына инвестиция салатын болды. 

Қытай компаниялары халықаралық нарыққа шығу саясатын жүргізіп келеді. Олар белгілі бір талаптарға сай болуы тиіс.

Ван Кэвэнь, Шетелде кәсіпорындарды дамыту бойынша қытай қауымдастығы бас хатшысының орынбасары:

– Мысалы, компанияларымыз жергілікті тұрғындарды оқытып, біліктілігін жетілдіреді. Әр жобаны мұқият зерттеп, түрлі параметрлер бойынша бағалаймыз. Ең алдымен, ол Қазақстан эконмикасының басым бағыттарына сай болуы тиіс. Компания жобаның ғылыми-зерттеу және экономикалық негіздемесін жасауы керек және оны жүзеге асыруға жеткілікті қаражаты болуы қажет. 

Қазіргі кезде түрлі салада екіжақты 18 инвестициялық жоба жүзеге асты. Алдымен компания қауіпсіздік пен экология бойынша мемлекеттік органдар рұқсатын алуы тиіс. Әрі жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға міндетті.

Ботагөз Сырғабаева