Ауыл шаруашылығында бюджет ақшасын қалтасына басатындар тыйылмай тұр

Ауыл шаруашылығында бюджет ақшасын қалтасына басатындар тыйылмай тұр

Құқықтық мемлекет құру үшін алдымен жемқорлықтың тамырына балта шабу керек.

Бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.  Мемлекет басшысы жиында бармақ басты, көз қысты әрекеттер жиі кездесетін салаларды ашып айтты. Соның бірі сот жүйесі. Айталық, кейінгі үш жылда жемқорлық қылмысын жасағаны үшін 174 судья жұмыстан қуылған. Ал  жаңадан құрылған әкімшілік соттарға жарты жылдың ішінде 14 мың талап-арыз түскен. Сонымен бірге ауыл шаруашылығында қазына қаражатын қалтасына басатындар тыйылмай тұр. Осы кезге дейін аталған салада 960 қылмыстық іс тіркеліп, 450 адам ұсталған. Мәселен, бір ғана жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы ысырап болғаны анықталды. Ал мұндай мысалдар жетіп артылады.

Президенттің айтуынша, оған уәкілетті органдардың жауапсыздығы себеп болып отыр. Сондықтан былыққа жол берген министрлік пен әкімдер жауапқа тартылуы тиіс деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы кеден және салық саласындағы қылмысқа да тоқталды.