ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер әскери қауіпсіздік мәселесін талқылады

ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер әскери қауіпсіздік мәселесін талқылады

Бейнеконференциялық байланыс режимінде өткен кеңесте ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер бас штабтарының бастықтары ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын нығайтуға және дамытуға бағытталған уағдаластыққа қол жеткізді.

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Отырысқа Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан Қарулы күштері бас штабтарының бастықтары, ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы, сондай-ақ ұйымға мүше мемлекеттер қорғаныс ведомстволарының өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінен Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов өкілдік етті.

Кеңес барысында ұйымның жауапкершілік аймағындағы әскери қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ дағдарысқа ден қою тетіктерін жетілдіру және ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер қарулы күштері авиациясының халықаралық ұшуларын ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Тараптар 2022 жылы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын бірлесіп даярлау
іс-шараларын өткізу жоспарын мақұлдады.

Алдағы күз айларында Қазақстан Республикасының «Мәтібұлақ» полигонында ҰҚШҰ әскерлері (ұжымдық күштері) материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшелерінің «Эшелон – 2022», барлау күштері мен құралдарының «Іздестіру – 2022» арнайы оқу-жаттығулары мен ҰҚШҰ жедел ден қою ұжымдық күштерінің «Өзара іс-қимыл – 2022» командалық-штабтық оқу-жаттығуларын өткізу жоспарланғанын естеріңізге саламыз.