Қ.Мусин: Президент туыстары ауыл әкімі де бола алмайды

Бұдан былай Президент туыстары Премьер-министр, Сенат, Мәжіліс төрағасы, министр, облыс, аудан тіпті ауыл әкімі бола алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Квазисекторлық қызметте де басшылық жасай алмайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әділет министрі Қанат Мусин айтты. Министрдің айтуынша, тиісті заң күшіне енгеннен кейін Президент туыстары лауазымдарын босатады. Сондай-ақ олардың квазисекторлық қызметте де басшылық етуі мүмкін емес. Яғни заңнамалық деңгейде тиісті тыйымдар белгіленген cоң Мемлекет басшының ағасы, әпкесі, балалары «Самұрық-Қазына» немесе «Бәйтерек» сияқты ұлттық компанияларда басшылық қызметке орналаса алмайды.

Қанат Мусин, ҚР әділет министрі:

– Заңнамада жақын туыстарға ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері жатады. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамада да жекжаттар, яғни ерлі-зайыптылардың жақын туыстары үшін шектеулер белгілейді. Өз кезегінде Президент Жарлығымен саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімі айқындалып, оларға министрлер, олардың орынбасарлары, әкімдер, мемлекеттік органдардың басшылары және басқалар жатқызылған.