Парламент кибербуллинг туралы заңды қабылдады

Парламент кибербуллинг туралы заңды қабылдады
URA.RU

Мәжіліс депутаттары кибербуллинг туралы заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нақтырақ айтсақ, бұған дейін Парламенттің жоғары палатасы енгізген ұснысты мақұлдады. Енді Мемлекет басшысына жіберіледі. Жаңа құжат балалардың таным түсінігіне қауіп төндіретін материал жариялаған интернет-ресурс пен мемлекеттік орган арасындағы қатынасты заңды түрде айқындауға бағытталған. Онда уәкілетті органға балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша сараптама жүргізу тәртібін айқындау жөнінде құзырет беру қарастырылған. Сондай-ақ интернет-ресурстарға қол жеткізуді тоқтатуға негіз ретінде кибербуллинг фактілері заңнамалық түрде айқындалған. Бұл ретте, уәкілетті органның тыйым салынған ақпаратқа қол жеткізуді шектеу тәртібін айқындау жөніндегі құзыреті алынды.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Әлеуметтік желі жетекшілерімен бірнеше келіссөз өтті. Екінші оқылымда қабылданған заңда солардың позициясы мен Үкіметтің позициясы толық ескерілген. Бұл заң әлеуметтік желілерді бұғаттау немесе азаматтардың құқығын таптауға бағытталмаған. Ең бастысы, Қазақстандағы миллиондаған балалардың, оқушылардың құқғының қорғалу механизмінің қалыптасуы.