Amanat партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатамын - Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгіннен бастап Amanat партиясының төрағасы ретінде өкілеттігін тоқтатынын мәлімдеді.

«Бүгіннен бастап Amanat партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символық мәні бар. Осы орайда Президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтамын. Сондай-ақ жауапты сәтте партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін  ризашылығымды білдіремін» деді ол.

Сондай-ақ Қ.Тоқаев барлық саланы түбегейлі монополиясыздандыру маңызды екенін атап өтті.

«Бүгінде еліміздегі барлық саланы түбегейлі монополиясыздандыру аса маңызды. Осы үдерістен саяси жүйе де сырт қалмауы керек. Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл – менің айқын ұстанымым. Мұндай қағида сайлауға қатысатын барлық күштерге тең мүмкіндік туғызады. Саяси жүйеде әділдіктің орнауына жол ашады. Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі артады»,  – деді Мемлекет басшысы.