Сарапшылар Екінші республиканың негізін талқылады

Бүгін Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің қатысуымен «Конституция 2022: Екінші республиканың негізі» атты сарапшылар талқылауы өтті.

Жиынға Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, белгілі саясаттанушылар мен заңгерлер қатысты. Кездесуде Ерлан Қарин Конституциялық кеңес оң қорытындысын берген Ата Заңға енгізілетін түзетулер мен толықтырулар жайында сөз қозғады. Мемлекеттік хатшы конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы қарым-қатынас балансын оңтайландыруға, халықтың мемлекетті басқару ісіне араласуын кеңейтуге және азаматтардың конституциялық құқығының қорғалуын күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Жалпы Ұлттық кеңес мүшелері мен саясаттанушылар ел Конституциясына енгізілетін өзгерістерді қолдап отыр. Өйткені конституциялық реформа мемлекеттің демократиялық даму жолына бағдар жасайды.

Марат Бәшімов, заңгер, Ұлттық кеңес мүшесі:

- Конституцияға қайшы келетін заңбұзушылыққа қатысты арыздарды қарайтын Конституциялық сот құрылады. Адам құқығын қорғайтын омбудсменнің де, бас прокурордың да құқығы беки түседі. Осылайша күнделікті өмірде әділетсіздікке тап болатын азаматтардың конституциялық құқығын қорғау анағұрлым жеңілдейді. Барлығы да конституцияның негізгі қағидалары саналатын әділдік пен теңдік сәйкестендіріліп жатыр.  

Андрей Чеботарёв, саясаттанушы, Ұлттық кеңес мүшесі:

- Қазір қоғам, мемлекеттер, тіпті әлем өзгеріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық өзгерістерді референдум арқылы қабылдау жөніндегі бастама көтергені өте орынды.

Максим Рожин, Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының вице-президенті, ұлттық кеңес мүшесі:

- Ең маңызды мәселе сол референдум белгіленген датаға дейін қандай жұмыс жүреді. Ол қаншалықты сапалы жүреді? Адамдарға конституцияға енетін өзгерістерден бөлек ол өзгерістер ертең неге алып келеді дегенді жеткізуіміз керек.