Бас қаладағы жаңа мешітте жұма күні әл-азһар шейхы уағыз айтады

Ислам әлемінде Әл-Азһар университетінің жоғарғы имамы дәрежесі – мұсылман жетекшілерінің арасындағы ең белді атақ саналады. Тарихқа көз жүгіртсек, 1679 жылдан бері бар-жоғы 50 имам бұл атаққа лайық деп танылған. Оның үстіне Ахмад ат-Тайеб соңғы Пайғамбардың тікелей ұрпағы. Ол сахаба Әли ибн Әбу Талиб пен Фатима Хасаннан тараған. Осындай көрнекті тұлға жұма күні жамағатпен бір сапта намаз оқып, ислам құндылықтарын насихаттайтын болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Уағызды араб тілінде жүргізеді. Жергілікті мамандар сол сәтте оны қазақшаға аударып отырады. Қазір республикалық бас мешітте дайындық жұмыстары жүруде. Кешеден бері мұндағы қым-қуыт тірлік қыза түсті. Себебі Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері сьезінің делегаттары мінәжат үйімен танысып жүр.

Серік Ахметов, республикалық бас мешіттің найб имамы:

– Қонақтардың көпшілігі бізге арнайы келіп, сұхбаттасып жатырмыз. Одан кейін келіп, аралап, тамашалап жатыр. Бізде арнайы алып жүруші бірнеше тілде гидтарды қойдық. Олар ақпараттық мешіттің сәулетін түсіндіретін болады. Одан кейін діни бағытта біз өзіміз де араласып жүргізіп жүрміз.

Жаңа мешітке құлшылық етуге келген жұртшылықтың қарасы қалың. Мұнда күніне шамамен 20 мыңға жуық жамағат жиналады. Оның арасында жергілікті тұрғындар да, туристер де бар. Зәулім ғимарат өзінің сәулетімен тартымды. Тіпті мұнда мұсылман қауым отбасылық мәселелерімен де келеді. Ол үшін алдын ала имамға жазылу керек. Мешіттегі конференция залында бұған арналған қос бөлме бар.

Бұл мешіт дейтін біздің рухани байлығымыз ғой, мұсылман халқының рухани байлығы. Алла Тағаланың жердегі үйі дейді ғой. Өтке көркем, өте әдемі.

Әке-шешемізге дұға қылып, осы мешітке келгенбіз. Жақсы салынған екен.

Шымкенттен келдік, көрейік, барып құран оқытайық деп. Жақсы, өте тамаша.

Астананың байлығын осы мешіттен көріп жатырмыз ғой. Керемет салынған, демалуға, отбасымен келіп мінажат қылуға өте керемет.

Жалпы мешіттің аумағы 10 гектарды алып жатыр. Бірінші және екінші қабатта намаз оқитын орын, оқу бөлмелері, конференц-зал, неке қию залы, Құран оқитын бөлме және телестудия бар. Мінәжат үйіне 235 мың адам сыйып кетеді. Қазір келушілер балаларға арналған бөлек зал ашуды ұсынып отыр. Сонымен қатар алдағы күндері алып мұнара туристерге есігін ашады.

Авторлары: Бекзат Аманов, Қанат Махмұтов