Президент алдағы сайлауға қатысты пікір айтты

Павлодар облысының халқымен кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев жылдың ең ауқымды саяси науқаны - Президент сайлауы хақында айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзі биыл Amanat партиясының Төрағасы қызметінен кетті. Осы тұста біздің қоғам Тоқаев сайлауға қандай партиядан түсер екен деп қызығушылық танытып отырғаны мәлім. Мемлекет басшысы жиында көпті толғандырған сұраққа жауап берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алдағы сайлауға қандай ұйымнан қатысатыныма қоғам қызығушылық білдіріп отырғанын білемін. Ашығын айтайын, маған әртүрлі республикалық бірлестіктер мен партиялардан олардың атынан үміткер болу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Мен белгілі бір ұйымнан емес, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік негізін қалыптастыратын қоғамдық-саяси күштердің үлкен коалициясының атынан сайлауға қатысқаным дұрыс болады деп ойлаймын. Сондай-ақ бұл Мемлекет басшысының түрлі партиялардан, бірлестіктерден тең арақашықтық сақтау қағидатын нығайтуға мүмкіндік береді.