Тоқаев Павлодарға барды

Түгін тартсаң, майы шығатын бұл өлкенің асты тұнған қазына. Үсті толған ен байлық. Өңірден көмірдің 60%, ферроқорытпаның 57%, мұнай өнімдерінің 30 пайызы шығады. Алюминий мен оған қажетті шикізат тек осы Павлодарда өндіріледі.

Елге қажетті электр қуатының 40 пайызын беріп отырған да осы аймақ. Өнеркәсіп өндірісі бойынша елде көшбасшы үштікте тұрған Павлодар өсіп, өніп келеді. Мемлекет басшысы 3 жылдың жұмысына бағасын берді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

- Соңғы 3 жылда Павлодардың жалпы өңірлік өнімі 28 пайызға өсіп, 3,9 миллиард теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және басқа да салалар қарқынды дамып келе жатыр. Мұның бәрі жергілікті жұрттың тұрмысы жақсарып, әл-ауқатының артуына тікелей ықпал етеді.

Павлодардан Ертіс ағады. Бұл өзен – осы өлкенің тұрғындары, кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы үшін негізгі тіршілік көзі. Соңғы үш жылда облыста суармалы жердің көлемі 1,5 есе артқан. Енді тағы 2 есеге, яғни, 300 мың гектарға дейін ұлғайту қажет.

Ертістің суын айтқан соң Мемлекет басшысы ауыз суға тоқталды.  Бұл өңірде үш жылда ауылдағы ағайынды таза сумен қамту 55-тен 94 пайызға дейін өскен. Биыл аймақта осы бағытта 19 жоба жүзеге асып жатыр. Келесі жылға да жоспар ауқымды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әкімдік келесі жылы құны 14 миллиард теңге болатын тағы 39 жобаны қолға алуды ұсынып отыр. Осыған орай, Үкіметке қаржы бөлуді тапсырамын. Жалпы, еліміздің барлық елді мекенінде таза су қолжетімді болуға тиіс.

Павлодардың транзиттік әлеуеті орасан. Бірақ, Ертістен өтетін ескі көпір көлік-логистика саласын дамытуға мүмкіндік бермей тұр. Көпірдің апатты жағдайда тұрғанына біраз болды. Одан жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Қайтпек керек? Облыс орталығын айналып өтуге жол ашатын жаңа көпір салынады. Мемлекет басшысы Үкіметке келесі жылы осы жобаны бастауды тапсырды. Үкіметке жүктелген және бір міндет – Павлодардың өңірлермен әуе қатынасын дамыту. Өзгесін айтпағанда облыс орталығынан Астананың өзіне тікелей ұшақ ұшпайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкімет жыл соңына дейін «Павлодар – Астана» бағытындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіруі керек. Сондай-ақ жергілікті әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеу мәселесін пысықтаған жөн.

Өңірде өзектілігін жоймаған және бір мәселе бар. Бұл экология. Павлодарда жылына миллион жарым тонна аллюминий тотығы өндіріледі. Өндірістің артқаны жақсы-ақ. Бірақ зауыт қоршаған ортаны ластап жатыр. Қазір ауаға таралатын қалдықтардың ел бойынша үштен бірі осы облыстан шығады. Жылына 700 мың тонна.

ПРЕЗИДЕНТ АЛДАҒЫ САЙЛАУҒА ҚАТЫСТЫ ПІКІР АЙТТЫ

Президент өндірісті дамытқан да экологияны қатаң сақтауды тапсырды. Таразы басын тең ұстамақ керек деді. Жә. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев жылдың ең ауқымды саяси науқаны - Президент сайлауы хақында айтты. Өзі биыл AMANAT партиясының Төрағасы қызметінен кетті. Осы тұста біздің қоғам Тоқаев сайлауға қандай партиядан түсер екен деп қызығушылық танытып отырғаны мәлім. Мемлекет басшысы жиында көпті толғандырған сұраққа жауап берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алдағы сайлауға қандай ұйымнан қатысатыныма қоғам қызығушылық білдіріп отырғанын білемін. Ашығын айтайын, маған әртүрлі республикалық бірлестіктер мен партиялардан олардың атынан үміткер болу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Мен белгілі бір ұйымнан емес, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік негізін қалыптастыратын қоғамдық-саяси күштердің үлкен коалициясының атынан сайлауға қатысқаным дұрыс болады деп ойлаймын. Сондай-ақ бұл Мемлекет басшысының түрлі партиялардан, бірлестіктерден тең арақашықтық сақтау қағидатын нығайтуға мүмкіндік береді.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Павлодарда тұрып Мемлекет басшысы сайлау науқанын заңдарды қатаң сақтай отырып өткізуді тапсырды. Не керек қазір саяси науқанға дайындық қызу. Үміткерлер ұсынылып, партиялар мен қоғамдық қозғалыстар жанталасып жатыр. Бұл енді түсінікті. Себебі сайлауға дейін 46 күн қалды. Немесе мың бір жүз сағат.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ербол Дайыров, Ділмұрат Сейдаханов