Сайлау-2022: президенттіктен үмітті кімдер

Президенттікке ұсынылғандар арасында агроном, депутат, құрылысшы, дипломат, оппозиция өкілі, әйелдер де бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен «Аманат» Қазақстан кәсіподақтарының достастығы» бірлестігі Мейрам Қажыкенді ұсынды. Бүгінгі күні ол «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің Экономикалық зерттеулер институтын басқарады. Орталық сайлау комиссиясы Мейрам Қажыкенді тіркеді. Қажыкен емтиханнан да сүрінбей өтті.

Әділ Ахметов, лингвистикалық комиссияның төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Жазба жұмысының тақырыбы қазіргі заманғы жаһандық мәселелер. Екінші Абай жолы эпопеясынан үзінді оқу. Үшіншісі жұрт алдында сөйлеу. «Ырыс алды ынтымақ» деген тақырыптың мазмұнын ашты. ҚР президенттігіне қандидат Қажыкен мемлекеттік тілді еркін меңгерген.

Президенттікке ауыл партиясы да өз кандидатын ұсынды. 1954 жылы дүниеге келген Жигули Дайрабаев «Қазақстан фермерлер одағы» қауымдастығының президенті. Агроном–ғалым. 2019 жылдан бері «Қазақстан фермерлер одағы» қауымдастығының президенті. Оны да орталық сайлау комиссиясы тіркеді. Дайрабаев та лингивстикалық сыннан сүрінген жоқ. Бүгінде сенімді өкілдері қол жинауға қамданып жатыр.

Төлеутай Рақымбеков, «Ауыл» ХДП партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Филиалдардың өкілдері осы қол қоятын парақшаларға келеді. Алып кетеді. Менің ойымша, 3-4 күннің ішінде жинап бітіреміз деп ойлаймын. Естеріңізге сала кетейік, біздің партияның өзінде 300 мың мүше бар. Заңның талабына сай, 118-119 мыңдай қол керек.

Ал елді 2019 жылдан бері басқарып келе жатқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын халықтық коалиция ұсынды. Яғни елдегі бірнеше саяси партия мен қоғамдық бірлестік бас қосып, Тоқаевқа қолдау білдірді. Қасым-Жомарт Кемелұлы да орталық сайлау комиссияның оң шешімін алды.

Мұхтар Ерман, ҚР ОСК хатшысы:

– ҚР Конституциялық заңның 54 бабының екінші тармағына сәйкес мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау рәсімі өкілеттілік мерзімі қайта ұсынылған, жұмыс істеп жүрген республика Президентіне қолданылмайды.

Кезектен тыс президент сайлауынан оппозиция өкілдері де шет қалмады. «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясы үміткер ретінде Нұрлан Әуесбаевтың кандидатурасын ұсынды. Ол осы партияның Астанадағы филиалын басқарады. Алғашқы мамандығы – техник-механик. Президенттікке үміткерлер арасында әйелдер де бар. Қарақат Әбденнің кандидатурасын «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» ұсынды. Мамандығы – экономист-маркетолог. Мемлекеттік кіріс, қаржы министрлігі мен салық комитетінде түрлі лауазымды қызмет атқарған Әбденді бүгін орталық сайлау комиссиясы оның президенттікке кандидат ретінде тіркелуіне кедергілер жоқ деп хабарлады. Президентікке ұсынылған екінші әйел – Салтанат Тұрсынбекова. Бұған дейін отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға араласып жүрген Тұрсынбекованы «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі ұсынды. Ол Астана қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі.

Салтанат Тұрсынбекова, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:

– Сайлау басталады деген күннен бастап осы мәселені аналармен, өңірдегі сол жақта тұратын отбасылармен қалай болады екен, жалпы әйел президенттікке кандидат болуы мүмкін бе деп, осы мәселе талқыланған болатын. Өзара көп сөйлестік. Сөйтіп осындай шешімге келдік. Осыдан бес жыл бұрын бірнеше жобада жұмыс істедік. Бір-бірімізді жақсы танимыз.

Президентіктен үміттілердің бірі – Талғат Ерғалиев. Оны «Қазақстан құрылысшылар одағы» ұсынды. Мамандығы – инженер-механик. 2010 жылдан бастап «Қазақстан Құрылысшылар одағының» төрағасы қызметін атқарады. Ал «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі президенттікке кандидат ретінде Жұматай Әлиевті ұсынды. Әлиев экономист. Философия ғылымдарының докторы. Ерғалиев те, Әлиев те құжаттарын орталық сайлау комиссиясына өткізді. Бүгін кешкісін тағы бір кандидат ұсынылды. «Оралмандардың «Асар» бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық сайлау комиссиясына Хайролла Мағауияұлы Ғабжалиловтің құжаттарын өткізді. Заң бойынша Президенттікке қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, туғаннан Қазақстан азаматы әрі соңғы он бес жыл бойы елде тұратын және жоғары білімі бар азамат ғана сайлана алады.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы