Президент Алматы облысын дамытудың алты бағытын атап өтті

Алматы облысының орталығында академиялық қалашық құрылады. Осылайша шаһар ғылым-білім орталығына және студенттердің ордасына айналуы тиіс. Бүгін Қонаев қаласына жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Бұл мәселе бойынша жаңа жылға дейін нақты ұсыныс енгізуді Үкіметке тапсырды. Сондай-ақ өңірді дамыту бағытында атқарылатын жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент жарлығымен Алматы облысы қайта құрылғаннан кейін алты ай өтті. Жаңа өңірде 1,5 миллиондай адам бар. 84 пайызы ауылдық жерде. Соның өзінде қалада баспана мәселесі өзекті. Жыл басынан бері 686 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Алайда бұл аздық етіп тұр. Сондықтан президент үкіметке  тұрғын үй құрылысы мен ескі үйлерді күрделі жөндеуге бөлінетін қаржыны көбейтуді жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өңірде әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, ауруханалар, мектептер, балабақшалар, мәдениет және спорт нысандары жаппай салынады, санаториялық және курорттық аймақтар пайда болады. Облыс орталығын экологиясы таза, өмір сүруге қолайлы «ақылды» қала ретінде дамыту қажет. Жаңа облыс орталығына жаңа бас жоспар керек. Бұр ретте қаланың жаңа мәртебесін ескеру маңызды.

Бас жоспарды жасауға қала әкімдігі бел шеше кіріскен. Жыл соңына дейін аяқтап, желтоқсанда Үкімет қаулысымен бекітуге ниетті.

Нұрлан Құматаев, Қонаев қаласының әкімі:

– Қазір үш алаңды дайындап отырмыз. Біреуі жаңа әлем. Екіншісі «Грин сити» дейді. Ол «G4 ситидің» төртінші қаласы болып осы Қапшағайға қарасты аумағы бойынша. Содан кейін өзіміздің «Самал», «Ардагер» дейтін ықшам аудан бар. Осы үш алаңды біз дайындап отырмыз. Енді оны қазір өздеріңіз білесіздер, мына бас жоспарды бекіткен кезде өкілетті органдар бар солардың алдына барып бекітеміз. Ол енді қаулымен бекітіледі. Сондықтан біз әлі жұмыс үстінде жұмыс жүргізіп жатырмыз ол туралы.

Қонаев қаласы әзірге үлкен емес. Тұрғындарының саны 50 мыңнан сәл ғана асады. Бірақ Алматы облысы ретінде  халқы көп аймақтың қатарында. Ал әлеуметтік нысандар аз. Мәселен денсаулық сақтау мекемлерінің саны 400 ге жуық. Ескіргендер бар. Сондықтан шұғыл ем іздегендер іргедегі Алматы қаласына ағылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан Республикасының Президенті:

Мұнда медицина мекемелерін салу басты міндеттің бірі. Қазіргі ауруханалар мен емханаларды заман талабына сай жаңғырту қажет. Менің тапсырмам бойынша ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға арналған ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында осы өңірде үш жылдың ішінде 38 емдеу орны салынады. Алайда, мұның өзі жеткіліксіз. Облыс әкімдігі қай жерге қанша емдеу мекемесі қажет екенін мұқият зерделеуі керек. Содан соң Үкімет нақты шараларды қабылдайды.

Қазір облыстағы 52 мектеп үш ауысыммен жұмыс істейді. 30 мың оқушыға арналған білім ошағында 90 мың бала оқиды. Енді жайлы мектеп ұлттық жобасы аясында өңірде жаңадан 39 мектеп салынады. Сондай-ақ жастардың іргедегі мегаполиске кетуін тежеу үшін Қонаев контр магнитке айналуға тиіс. Осы мақсатта шаһарда «академиялық қалашық құру мәселесі қарастырылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Құзырлы министрлік Қонаев қаласында Алматыдағы жоғары оқу орындары мен колледждердің бөлімшесін ашу мәселесін қарастыруы керек. Сондай-ақ жаңа заманауи университет ашу ісін ойластыруы қажет. Жалпы әлемнің ірі университеттерінің көпшілігі ірі қалаларда емес, қаладан алшақтау жерлерде жайғасқан. Бұл жастардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін қажет. Осы қадам өңірдегі кадр тапшылығына байланысты түйткілдерді шешуге де зор септігін тигізеді.

Алматы облысы өңдеу өнеркәсібі өркендеген аймақ. Құрылыс материалдарының 70 түрін жасайды. Азық-түлік, сусын шығаратын кәсіпорындар да бар. Қазірдің өзінде екі индустриялық аймақ жұмыс істейді. Тағы екеуі құрылып жатыр. Бұған қоса Алматы Мен Қонаевтың ортасында Gate City қаласы бой көтеріп, арнайы экономикалық аймақ ашылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазіргі уақытта 50-ден астам халықаралық компания Ресейден Қазақстанға көшті. Олардың бәрін ірі қалаларда шоғырландыру тиімсіз. Әкімдік мұндай кәсіпорындарды Алматыға жақын, Үлкен Алматы айналма жолының бойына орналастыру мәселесін қарастырғаны жөн.

Кәсіпорын көбейсе, энергияға сұраныс артады. Қазір облыста оның 20 пайызы жаңартылған энегрия көздерінен алынып отыр. Президент бұл жақсы көрсеткіш деді. Бірақ қуат көздеріне деген сұраныс азаймай отыр. Сондықтан мәселені шешудің тиімді жолының бірі атом электр станциясын салу екенін тағы да атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл жөнінде өз ұстанымымды тағы да жеткізгім келеді. Елімізде энергия тұтыну көрсеткіші ұдайы өсіп келе жатқан жағдайда оны тұрақты өндіру үшін бізге атом электр стансасын салуға тура келеді. Мамандар Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылын АЭС құрылысына ең оңтайлы орын деп есептейді. Біз бүгінімізді ғана ойлап, түрлі фобиялардың жетегіне ермеуіміз керек. Себебі еліміздің келешегіне қатысты мәселе шешілгелі тұр. Әйтпесе елдің дамуы тұралап, көрші елдерге энергия тұрғысынан тәуелді болу қаупі бар.

Алматы облысындағы басым бағыттың бірі – балық шаруашылығы. Өнім экспортының көлемі мал етінен де көп. Бұл жақсы. Бірақ төрт түлікті мыңғырту ата кәсіп. Онымен айналысатын шаруалар жайылымдық жерден таршылық көріп отыр. Игерілмеген жерді қайтару ісі жалғасады. Суармалы егіс алқабының аумағын кеңейту де көтерілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Су тапшылығынан 80 мың гектар суармалы жер игерілмей бос жатыр. Биыл Алматы облысының суару жүйесін ретке келтіру үшін республика бюджетінен 5,7 миллиард теңге бөлінді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Үкімет бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, қаржыны көбейту мәселесін қарастыруы керек. Бүгінде Үлкен Алматы каналының жағдайы сын көтермейді. Қазір бұл канал 60 мың гектар жерге су жеткізеді. Бірақ іске қосылғаннан бері оған бір де бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Әкімдік Үкіметпен бірлесіп, бұл жұмысты шұғыл қолға алуға тиіс.

Алматы облысы әсем әрі тұмса табиғатымен әлемге танылған өлке. Елдің туристік саладағы флагманы деуге болады. Биылдың өзінде ұлттық парктерге 850 мыңдай турист келген. Ендігі міндет – инфрақұрылымды дамыту.

Аслан Ораз, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:

– Облсыс дамуының 2025-2030 жылдарға арналған стратегиясын дайындап жатырмыз қаіргі уақытта. Сол стратегияға сәйкес туризм саласы біздің экономикалық тұрақты дамуға ықпал ететін саланың бірі болып есептеліп отыр. Туризм саласын біз Кеген, Райымбек аудандарында дамыту мүмкіндігіміз бар. Ол жерде сол саладағы жалпы жұмысшылардың санын өсіру және сол саладан түсетін табысты ұлғайтуды есептеп отырмыз.

Алматы облысын дамытудың алты бағытына тоқталған Президент өңірдің өркендеуіне үлес қосқан азаматтарды марапаттады. Кейін қала атауы берілген Дінмұхамет Қонаев ескерткішінің жанындағы аллеяға шығып, еңбек ардагерлерімен, спортшылармен жүздесті. Құрыш білекті Тимур Сыпатаевтың өнерін тамашалап, өзінің де күшін сынап көрі.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

Президент басымдық берген саланың бірі көлік-логистика. Облыс Алматы қаласы және Қытай шекарасына жақын орналасқан. Көлік дәлізін дамытып, күре жолда жүк тасымалын арттыруға мүмкіндік мол. Ал іргедегі Алматымен Қонаев арасындағы барыс келісті жеңілдету үшін электр пойызы қатынасын қайта жандандыру мәселесі қарастырылады. Бұл бір жағынан Алматы маңындағы кептелісті азайтады.

Талғатбек Әбдіқожа Ерлан Наурызбаев Бақытбек Нұртаев