Түркиялық сарапшылар еліміздегі саяси науқанға қатысты пікір білдірді

Жалпыхалықтық сайлау - Жаңа Қазақстан құру жолындағы алғышарттардың бірі, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Сондай-ақ демократияның кепілі. Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде өткен жиынға қатысқан сарапшылар осындай пікір білдірді. Елші Еркебұлан Сәпиев арнайы брифингте жиналғандарға еліміздегі соңғы өзгерістер мен алдағы Президенттік сайлау туралы жан-жақты мағлұмат берді. Басқосуға келген саясаткерлер, журналистер мен дипломаттар Қазақстандағы жаңа бастамаларды мұқият қадағалап отырғандарын, демократиялық қоғам құрудағы оң өзгерістерге жоғары баға беретіндіктерін айтты. Сондай-ақ сарапшылар Қазақстан мен Түркия арасында дипломатиялық байланыс орнаған 30 жылда екі елдің қарым-қатынасы жаңа белеске көтерілгенін тілге тиек етті.

 Режеп Шекер, Түркия депутаты:

- Қазақстанда маусым айында өткен референдум кезінде біз де ТҮРКПа мүшесі ретінде сапарлап барған едік. Ол қазақ халқының талабын дұрыс түсініп, жаңалану үрдісіне бағытталған маңызды қадам болды. Енді міне, соның нәтижесінде президенттік сайлау өткелі тұр. Бұл – халықты еститін, түсінетін мемлекеттің нышаны.

 Мехмет Сейфеттин Эрол, Анкара Стратегиялық зерттеу орталығының басшысы:

Жаңа геосаяси өзгерістерде Қазақстанның қолға алған бастамалары орынды. Сіздердің елдеріңізде өткелі тұрған президенттік сайлау Азия мен Еуропа құрлығы үшін де маңызды.