Қазақстан мен Еуроодақ қатынасы қарқын алады

Елордада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шарль Мишель кездесті. Мемлекет басшысы елге ресми сапармен келген Еуропалық Кеңестің Президентін Ақордада қарсы алды. Тараптар өзара мүддені көздейтін мәселелерге қатысты екіжақты келіссөз жүргізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еуропалық кеңестің президенті мен қазақ басшысы уақыт ұзатпай жолығып тұрады. Өткен қыркүйекте ғана Нью-Йоркте БҰҰ-ның алаңында кездескен. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев президент Мишельді елге шақырған. Араға ай салып, Еуропалық кеңестің 47 жастағы президенті ресми сапармен астанаға табан тіреді.

Соңғы жылдары Орталық Азияның рөлі күшейді. Ал Орталық Азияда Қазақстанның мерейі үстем. Тұтас аймақтағы тауар айналымының 60 проценті біздің елге тиесілі. Сондықтан Еуропа үшін Қазақстан Орталық Азияның қақпасы саналады. 450 миллионнан аса халқы Одақпен біздің байланыс қашанда мығым.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

Еуроодақ еліміздің негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. Ал Қазақстан – Еуроодақтың Орталық Азия аймағындағы ең ірі сауда әріптесі. Қазақстанның сыртқы саудасының және шетелдік инвестицияның жартысына жуығы осы Одақтың үлесінде.

Биылғы 8 айда қазақ даласы мен кәрі құрлық арасындағы тауар айналымы 26 миллиард доллар болды. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 43 процентке көп. Оның 22 миллиард доллары экспорт, қалғаны импорт. Бізден одақ елдеріне негізінен шикізат күйінде мұнай, мұнай өнімдері, уран, ферроқорытпа, титан, бал кетсе, Одақ елдерінен бізге дәрі дәрмек, арматура, есептеу құралдары, құбыр, профиль, қара металл бұйымдары келеді. Ал бүгін тараптар энергетика, «жасыл» экономика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистикадағы қатынасқа қарқын беруге келісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әсіресе аса маңызды шикізатты тасымалдау және жасыл сутегі энергетикасын дамыту мәселесінде мол мүмкіндігіміз бар. Сонымен қатар, халықаралық көлік дәліздерін дамытудың маңыздылығын атап өттік. Бұл – қазіргі геосаяси жағдайда өте өзекті мәселенің бірі. Сондай-ақ Еуропалық Одақтың «Транскаспий халықаралық көлік бағытын» қолдау мүмкіндігін қарастырдық. Бұдан бөлек, Еуропа санкцияларының Қазақстан экономикасына ықпалын болдырмау мәселесін талқыладық.

Президент айтқандай, бүгін өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Тараптар үлкен саясаттағы ұстанымдарын жеткізді. Көзқарас ортақ. Қазақстан да, мұқым Еуропа да БҰҰ-ның Жарғысын, халықаралық құқықты, елдердің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын ғана қолдайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Еуропалық тараптың түрлі бағдарламалар аясында елімізге көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыс білдірдім. Келіссөздер соңында өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Сондай-ақ, Ауғанстандағы қазіргі жағдайға, Еуропалық Одақтың Орталық Азия елдерімен өңіраралық қатынастарына ерекше назар аудардық.

Еуро Одақтың халықаралық аренадағы басты өкілі саналатын тұлғаның біздің елге деген көзқарасы дұрыс. Кәрі құрлықтың атынан келіп отырған Президент Мишель «төңіректегі санкцияның Қазақстанға салқыны тимейді» деді. Себебі одақтың санкциялары үшінші елдерге қарсы бағытталмаған.

Шарль Мишель Еуропалық кеңестің президенті:

– Біздің байланысымыз берік әрі одан әрі нығайып келеді. Орталық Азия мен Еуропа бір-біріне жақындай түсіп, арадағы байланыс нығайып келеді. Қазақстан – Еуропалық Одақтың маңызды серіктесі, сондай-ақ халықаралық аренадағы және өңірдегі ықпалды мемлекет.

Кездесуде келісімге де қол қойылды. Еуропаның Инвестор Svevind Group компаниясы Маңғыстау облысында қуаты жылына 2 миллион тонна болатын «жасыл» сутегі өндірісін қолға алады. Сөйтіп тәулігіне 255 мың текше метр тұщы су шығарылады. 40 ГВт-тық жаңартылатын энергия станциясы және 20 ГВт-тық су электролизі өндірісі салынады.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

– Жоба көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонысымен де маңызды. Жұмыс орындары ашылады. Жаңа индустрия құрылады. Маңғыстау облысында маман даярлау үшін Германия мен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық орнайды.

Келесі жылы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл. Қазақ басшысы да, елге алғаш рет ресми сапармен келген Шарль Мишель де Еуропа мен Қазақстанның серіктестігіне серпін беруге ниетте екендерін жеткізді. Ол үшін тауар өндіретін еуропалық компаниялар Қазақстанға көшірілмек. Барыс-келіс ұлғаю үшін Орталық Азия мен кәрі құрлық арасында халықаралық көлік дәліздері кеңейтіледі. Бұл аса өзекті. Өйткені Еуропаға апарар жолды кеңейтудің қаншалықты маңызды екенін көріп отырмыз...

Қорған Қонысбайұлы, Ербол Дайыров