Нұрлан Әуесбаев Шымкент тұрғындарымен кездесті

"Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы" республикалық қоғамдық бірлестігінен президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев үгіт-насихат жұмыстарымен туған жері Шымкент қаласына барды.

Қазығұрт шағын ауданының тұрғындармен кездесіп, сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарына тоқталды. Сондай-ақ, оппозициялық партия өкілі өзін ұсынған бірлестік туралы да қысқаша айтып берді. Жиынға науқанның өту барысын бақылайтын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының байқаушылары қатысты. Кездесу барысында тұрғындар ашық пікірін айтып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Айта кетейік, кандидаттың сайлауалды бағдарламасы бойынша 50-ден аса іс-шара өткізу жоспарланған.

Нұрлан Әуесбаев, президенттікке кандидат:

 - Шымкент қаласында кезекті кездесу болды жұмыс сапарымен. Бұған өзімнің көңілім толды, ризашылық білдіремін. Мүмкін жерлестерім болғандықтан шығар, басқа шығар халық көп жиналып отыр. Барлық тұрғындарға өзімнің сайлауалды бағдарламамды жақсы түсіндіріп, жеткізе білдім.