Сенат төрағасы ТүркПА делегациясымен кездесті

Алдағы Президенттік сайлауды ел заңнамасы мен халықаралық стандарттарға сай өткізуге барлық қажетті шара қабылданды. Бүгін Сенат төрағасы ТүркПа байқаушыларымен кездескенде осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев саяси жүйе мен демократияны одан әрі дамыту, билікті монополиялауға жол беретін тәуекелдерді жоюға бағытталған реформаларға тоқталды. Мәселен, соңғы жылдары елімізде адам құқықтарын қорғау, билік тармақтары, орталық пен өңірлер арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктің теңгерімін қамтитын маңызды конституциялық заңдар қабылданды. Сенат төрағасы халықаралық байқаушыларға белсенділігі үшін алғысын білдірді. Ал ТүркПА делегациясының басшысы Эрол Кая өз тарапынан сайлау науқанын объективті бағалауға уәде етті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мәжіліс пен мәслихаттарды қалыптастырудың аралас моделіне арналған және аудандық, облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлауды кезең-кезеңімен енгізу үшін заңнамалық база құрылды. Осы және басқа да өзгерістер біздің азаматтарымыздың сұраныстары мен мүдделеріне сай келеді. Сондай-ақ мұндай қадам жаңа саяси модельді қалыптастыруға, адамдардың мемлекеттік және саяси институттарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.