Сайлау барысын бақылау үшін Түркі мемлекеттері ұйымының байқаушылары келді

Түркі мемлекеттері ұйымының байқаушылар миссиясы да сайлау барысын бақылау үшін елге келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін аталған халықаралық ұйым делегациясы Орталық сайлау комиссиясының төрағасымен кездесіп, дауыс беру күніне дайындық барысымен танысты. Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары Өмер Коджаманның айтуынша, делегация құрамында Түркия, Әзербайжан, Қызрғызстан, Өзбекстан өкілдері бар. Олар өз жұмысын 20 қараша күні сайлау учаскелерінде жалғастырады.

Өмер Коджаман, Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары:

- Дайындықтардың Заңға және халықаралық нормаларға сәйкес өтіп жатқанына көз жеткіздік. Сайлаудың ел ішінде әрі шетелдерде ашық өтетініне сенімдіміз. Осы орайда Түркі мемлекеттері ұйымы туралы қысқаша ақпарат бере кетейін. ТМҰ – түркі әлемінің шаңырағы саналатын ұйым. Осы ұйымның маңызды саяси міндеттерінің бірі ұйымға мүше мемлекеттердегі президенттік, парламенттік сайлауларды бақылау. Сондықтан Қазақстанның бұл маңызды тарихи сәтіне куә болу біз үшін мақтаныш.