Шетелдегі ең ірі сайлау учаскелері Түркияда орналасқан

Шетелдегі ең ірі сайлау учаскелері Түркия жерінде орналасқан.

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Мен қазір Анкарадағы Елшілігімізде ашылған N 286 сайлау учаскесінде тұрмын. Таң сәріден елшілікке келіп дауыс беріп жатқан адамдардың қарасы қалың. Қазірге дейін сайлаушылардың **% өз таңдауын жасады. Жалпы Түркияда үш сайлау учаскесі бар. Олар Анкара, Ыстамбұл мен Анталия қалаларында орналасқан. Шамамен екі мыңға жуық азамат тіркелген. Елде дауыс берушілердің денін Түрік университеттерінде білім алушы жастар, халықаралық ұйым өкілдері, дипломаттар мен туристер құрап отыр. Сайлау учаскесінің жұмысы жайлы толық ақпаратты N 286 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Нуриддин Аманқұлдан сұрап көрген едік.

Нуриддин Аманқұл, N 286 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы:

- Қазіргі таңда учаске ашылуыменен азаматтарымыз белсенді дауыс беруге қатысып кетті. Қазірге дейін ешқандай ашық мәселелер жоқ. Бүкіл мәселелер пысықталған болатын. Көріп отырғаныңыздай таңертеңнен бастап, бірінші оқушылар келді.  Тек Анкарада емес, Анкараның түкпір-түкпір аймағында оқитын студенттер осы жолы белсенділік танытқан болатын.

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Айта кетерлігі, Түркияда 81 провинция бар. Бұл аймақтағы отандастарымыз өздеріне ең жақын үш қаладағы сайлау учаскелерінде дауыс бере алады. Мәселен, 20 провинцияда білім алып жатқан жастарымыздың өтініші бойынша Анкараға арнайы көлік ұйымдастырылды. Сайлау учаскесіне алғаш болып келген азаматтан сұхбат алып көрген едік.

Дильнара Мұратова, сайлаушы:

- Анкараға Сивас қаласынан келіп тұрмын. Жасым 18-ге жақында толды. Азаматтық борышымды өтеу үшін келдім. Себебі еліміздің болашағы біз үшін өте маңызды. 

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Айта кетерлігі, үш бірдей сайлау учаскелерінде де арнайы топтағылар үшін жылжымалы дауыс беру жәшігі қарастырылған. Ем іздеп, мұхит асып келгендер бұл қызметті қолдана алады.