Еуропаның жетекші сарапшылары Венада бас қосты

Еуропаның жетекші сарапшылары Венада бас қосты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күн тәртібіндегі басты тақырып «Орталық Азия елдеріндегі реформалар».

Сарапшылар әсіресе, Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға қызығушылық танытып отыр.

«Орталық Азия: реформалар дәуірі». Өңірдегі геосаяси, экономикалық, әлеуметтік қайта құрулар Австрия астанасында өткен халықаралық конференцияда талқыланды. Батыс сарапшыларының айтуынша, Орталық Азия елдері ұзақ жылдар бойы біртұтас қарастырылмай келген. Еуропа мұндағы әр елмен жеке стратегиялық әріптестік жасаған. Бірақ, әлемде болып жатқан соңғы оқиғалар Орталық Азиядағы бес елмен жеделдетілген ынтымақтастық орнатуға итермеледі, дейді Еуропалық мамандар. 

Эмиль Брикс, Дипломатиялық академияның директоры:

- Өңірден жетекші ел ретінде анықталатын мемлекеттің білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым жүйесі мықты болуы тиіс. Ол үшін жүргізіліп жатқан реформаларды тексереміз. Бірақ кіл мықтыны анықтау – жарыс емес, серіктестікті білдіретін бастама. Ынтымақтастықты нығайта отырып, өңірдің барлық елдерімен бірге жұмыс істеу маңызды. Еуроодақ басшылыққа алатын принциптің бірі осы.

Орталық Азия елдерінің ішінде қазақстандық реформалар батыс сарапшыларының басты талқылауында түсті. «Теңестірілген билік құрылымын жасауға бағытталған саяси өзгерістер дамудың жаңа деңгейіне шығу үшін трамплин бола алады», – дейді олар.

Сванте Корнелл, Америкалық сыртқы саясат кеңесі, Орталық Азия және Кавказ институтының директоры:

- Дамудың белгілі бір деңгейіне қол жетті. Ол үшін жасалған экономикалық реформалар оңтайлы болған дей аламыз. Бірақ, әлемнің дамыған елдерінің қатарына кіру үшін қазір қажеттісі – саяси өзгерістер. Оны көптеген жылдар бұрын ел көшбасшылары белгілеген. Менің ойымша, өте батыл реформалар енгізілді, ал оны іске асыру оңай болмайды.

Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін ішкі реформалар мен теңдестірілген көпвекторлы сыртқы саясатты тең ұстау маңызды.

Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Еуропалық тарап Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі. Олар орнықты қоғамның, мемлекеттің және экономиканың дамып келе жатқанын түсініп отыр. Сол себепті, Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды одан әрі қолдауға мүдделі.

Герхард Сейлер, Австрияның Федералды СІМ департаментінің директоры:

- Біз Қазақстанның ұстанымын өте жоғары бағалаймыз. Қазақстан - бір жағынан Ресеймен, екінші жағынан Қытаймен шекаралас. Геосаяси тепе-теңдікті сақтау оңай емес, әсіресе, соғыс жағдайында. Қазақстанда жұмыс істеген тәжірибем бойынша, сіздердің елдің Еуропа үшін маңызды серіктес екенін нық айта аламын. 

Еуропалық сарапшылардың теориялық қызығушылығы енді нақты практикалық жоспар жүзінде іске аспақ. Орталық Азия Еуроодақпен бірлесе отырып, жасыл энергияны өндіру мен тасымалдауды табысты дамытады. Сондай-ақ алда Шығыс пен Батысты – Еуропа мен Қытайды байланыстыратын толыққанды хабқа айналмақ.