Қазақстан Қырым бойынша БҰҰ қарарын неге қолдамады?

Қазақстан Қырым бойынша БҰҰ қарарын неліктен қолдамады? Бұл сұраққа бүгін Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров жауап берді. Оның айтуынша, Қырымда адам құқықтарын сақтау мәселесін БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі шешуі тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – Қазақстанның қағидаттық ұстанымы. 2016 жылдан бері Қазақстан тарапы аталған қарар бойынша осы ұстанымнан тайған емес, деп атап өтті ресми өкіл. Естеріңізге сала кетейін, БҰҰ-ның Қырым мен Севастопольдегі адам құқықтарының бұзылуы туралы Ресей Федерациясының әрекеттерін айыптайтын қарары 15 желтоқсанда қабылданды. Оған 14 ел «қарсы» дауыс берді, оның ішінде Ресей мен Қазақстан да бар.

Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Қазақстан БҰҰ Жарғысына сәйкес Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен шешуді жақтайды. Сонымен қатар, біз Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын жақтаймыз. Біздің ұстанымымыз: бұл мәселе, Қырым Автономиялық Республикасы мен Севастополь қаласындағы Адам құқықтары саласындағы жағдай БҰҰ-ның арнайы органында, атап айтқанда БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде қаралуы керек.

ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТАРЫ 80 ЕЛГЕ ВИЗАСЫЗ БАРА АЛАДЫ

Биыл қазақстандықтар үшін визасыз елдердің тізімі 80-ге дейін кеңейтілді. Паспорттардың әртүрлі санаты бойынша 9 жаңа елмен, атап айтқанда, Мальдив аралдары, Андорра, Никарагуа, Венесуэла, Боливия, Парагвай, Доминикана, Албания және Белиз бойынша өзара келісімдер жасалды. Сондай-ақ биыл ел Үкіметі Иран, Қытай және Үндістанның азаматтары үшін визасыз режим енгізді. Бұл елдердің азаматтары Қазақстанға 14 күнге дейін визасыз кіре алады.