Сенат құрамы жаңарды

Мемлекет басшысы Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын Сенат Төрағасы лауазымына ұсынды.

Президент Мәулен Әшімбаев бұған дейін осы міндетті абыроймен атқарғанын айтып, Сенат Төрағалығына лайықты деп санайтынын жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жоғары палата қабырғасында сөйлеген сөзінде Сенат құрамын жаңарту үдерісі аяқталғанын айтты. Елде заң шығару қызметін сапалы атқаруға барлық жағдай жасалған. Ал ауқымды реформаларды жүзеге асыруға сенаторлар белсене атсалысты. Қасым-Жомарт Тоқаев осылайша еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Депутаттардың жартысына жуығы жаңарды. Мұнда әр аймақтың, соның ішінде жаңадан құрылған облыстардың өкілдері бар. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне арнайы квота берілді. Осылайша, Сенатта түрлі санаттағы қоғам өкілдері барынша қамтылды. Жалпы, бұл Палата мемлекеттік басқару саласында айрықша рөл атқарады. Оған Конституцияға сәйкес маңызды міндеттер жүктелген. Заң шығару қызметін сапалы атқару үшін барлық жағдай жасалған. Палата өз жұмысын абыроймен атқарып келе жатыр. Сенаторлар ауқымды реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысты. Осы орайда, баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа депутаттар Сенаттың қызметіне тың серпін береді деп сенемін.