Елордада биыл 25 мектептің құрылысы басталады

Мемлекет басшысының қабылдауында болған Жеңіс Қасымбек 2022 жылғы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және осы жылға арналған жоспары туралы баяндады.

Қазіргі уақытта әлеуметтік нысандар салуға, елді мекендерді дамытуға, ұзаққа созылған құрылыстарды аяқтауға, жеке инвестициялар тартуға, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Жеңіс Қасымбек «Жайлы мектеп» жобасының іске асырылу барысы туралы есеп берді. Ұлттық жоба аясында жаңа форматтағы 100 мың орындық 25 мектептің жобасы жасалып жатыр. Мемлекет басшысына сондай-ақ ауызсу станциясы, жылу электр орталықтары, газ жылу станциялары құрылысының барысы туралы мәлімет берілді.

Мысалы, ССС-3 станциясының қуаты тәулігіне 100 текше метрден астам суды тазалап, жеткізуге жетеді. «Тұран» газ жылу станциясы 8 млн шаршы метр тұрғын үйді жылытуға қауқарлы. Тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандардың құрылысын 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту, қаланы абаттандыру және көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.