7 ақпанда «AMANAT» партиясының сьезі өтеді

Қазір жиынға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ Мәжіліс пен мәслихаттарға ұсынылатын кандидаттардың тізімі де жасақталуда. Бұл туралы партия төрағасы Ерлан Қошанов өткізген саяси науқанға дайындық барысына қатысты кеңесте мәлім болды.

Жиында қатысушылар партияның бағдарламасы қалай орындалып жатқаны жайлы есеп берді. Сондай-ақ «Ауыл аманаты», «Жер аманаты, «Құқықтық көмек» жобаларының жұртшылыққа тиген пайдасы мен жетістіктері айтылды. Атап айтсақ, партияның бастамасымен биыл 3,2 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. 2 жыл ішінде 5 жылға қойылған міндеттердің үштен бірі толық орындалған. 140 ауылға табиғи газ тартылып, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 200-ден астам жоба іске асырылды.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Бұл сайлауға «AMANAT» үлкен дайындықпен келе жатыр. Көп жұмыс атқарылуда. Біздің мүмкіндігіміз мол. Қалыптасқан дәстүрлі электоратымыз, үлкен тәжірибеміз бар. Ендігі міндет – жұмысты дұрыс ұйымдастырып, сайлаушыларды ортақ мақсат жолында жұмылдырып отырып, әділ таза жеңіске жету. Партия елдегі жүргізіліп жатқан реформалардың алдыңғы шебінде болуы тиіс.