«Ақ жол» партиясы кандидаттар тізімін жариялады

Кезектен тыс Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына «Ақ жол» партиясының атынан түсетін кандидаттардың есімі белгілі болды.

Төменгі палатаға партиялық тізім бойынша 54, ал мажоритарлық жүйе арқылы 24 адам үміткер ретінде бекітілді. Ал барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауында тізіммен 174, ал мажоритарлық жүйемен 652 адам бағын сынайды. Партиялық тізімге елдің әр аймағынан бизнес өкілдері енгізілген. Мәжілістің бұрынғы депутаттары Азат Перуашев, Дания Еспаева, Берік Дүйсембинов, Ерлан Барлыбаев, Қазыбек Иса, Мақсат Раманқұлов пен Серік Елеубаевтар саяси додаға қайта қатысады.

Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:

- Мемлекет терең реформалар жариялады. Саяси дамудың жаңа бағыттарын белгіледі. Мемлекет басшысы реформасының негізгі формуласы: «күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет қағидасы болды». Еліміз, Президент Тоқаевтың конституциялық реформасын жүйелі жалғасының басында ғана тұр. Оның орындалуына сөзбен ғана емес іспен қолдау көрсету қажет деп санаймыз.