Қазақстан мен ЕО ынтымақтастығына 30 жыл толды

Осыдан тура 30 жыл бұрын, дәл осы күні Қазақстан мен Еуроодақ арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды.

Сол уақыттан бері Одақ еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесіне айналды. Қазақстан экономикасына 160 млрд доллардан астам инвестиция тартылды. Ынтымақтастықты арттыру мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Брюссельге ресми сапар жасаса, өткен жылы Еуропалық Кеңес басшысы Шарль Мишель Қазақстанға келді. Алдағы көктемде Астанаға Еурокомиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен де келеді деп күтіліп отыр.

1993 жылғы 2 ақпанда, тура 30 жыл бұрын жас тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасында дипломатиялық қатынастар орнады. Брюссельге дәл осы жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет келді. 2018 жылға дейін ЕО астанасына 9 рет дипломатиялық сапар шегіпті. 2021 жылдың қарашасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл дәстүрді жалғастырып, Орталық Азиядағы сенімді серіктес елдің басшысы ретінде Бельгияға барды.

Ал 2022 жылдың соңында, дипломатиялық қатынастар орнатылуының 30 жылдығы қарсаңында елімізге ресми сапармен Еуропалық Кеңес басшысы Шарль Мишель келді. Кездесу барысында тараптар энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін, «жасыл» экономика, көлік пен логистика саласын дамытуды талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестіктің барлық саласында қол жеткізген маңызды жетістіктерді айтуға жақсы мүмкіндік береді. Келесі жылы мерейлі датаны – дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығын атап өтеміз. Сіздің Қазақстанға ресми сапарыңыз өзара қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенімізді білдіреді.

Екіжақты кездесулер барысында демократия және адам құқықтары мәселелері бойынша диалог жалғасты. Шарль Мишель Қазақстанда жасалып жатқан ауқымды реформаларға қолдау білдірді.

Шарль Мишель, Еуропалық Кеңестің президенті:

- Орталық Азия мен Еуропа қарым-қатынасы жыл өткен сайын нығайып келеді. Бұл ретте Қазақстан – ЕО-ның маңызды серіктесі. Сондай-ақ халықаралық аренадағы өз орны мығым мемлекет. Сіздерді Орталық Азия мен Еуропалық Одақ мемлекеттері басшыларының алғашқы кездесуін өткізумен құттықтаймын. Өңірдің дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында бұл ынтымақтастық жалғасады. Бүгінгі кездесу екі аймақ арасындағы саяси диалогтан да маңыздырақ.

2022 жылы 8 қарашада Египетте өткен Климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференцияда Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен тұрақты шикізат, батареялар және «жасыл» сутектің тізбектерін құру бойынша стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Биыл Астанада Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия мен Австрия басшылары – Франк-Вальтер Штайнмайер мен Александр Ван дер Беллен мен Андорра премьер-министрі Хавьер Эспоттың сапары күтіліп отыр. Бұл кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселесі басты назарда болады деп күтілуде. Көктемде аталмыш жол бағытын техникалық бағалау бойынша зерттеу қорытындысы жарияланады және бірлескен жобалар іске асады. Өзара тиімді қатынастың 30 жылында Астана мен Брюссель екіжақты саяси диалогтың жоғары динамикасын, экономикалық және сауда-инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру бағытында жұмыс істей бермек.  

Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов.