Қостанай облысында ауыл әкімдерінің сайлауы басталды. LIVE

Бүгін Қостанай облысында да ауыл әкімдерінің сайлауы басталды. Төрт аудан бойынша ауыл және ауылдық округтердің басшыларын тұрғындар өздері таңдап жатыр. 

Қарабалық ауылы бойынша бес сайлау учаскесі ашылды. Аудан орталығына әкім болуға үмітті үш кандидат бар. Барлығы жергілікті тұрғындар. Екеуі мемлекетік қызметте еңбек ететін тәжірибелі мамандар, бірі кандидаттыққа өз-өзін ұсынушы. Ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту, көшелерді абаттандыру, жұмыссыздықты жою. Үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламасында осындай мәселелерді көтеріп, шешуге ынталы екендерін жеткізген. Тұрғындар да өздері сайлаған адамға сенім артып қоймай, кемшін кеткен жерінде көмек көрсетуге әзір екенін айтады.

Саяси науқан барысында әзірге өрескел кемшіліктер мен құқық бұзушылықтар тіркелген жоқ. Дауыс беру кешкі сағат сегізде аяқталады. Оның қорытындысы, яғни жаңа әкімнің есімі үш күн аралығында белгілі болады. Сонымен қатар Қарабалық ауданы бойынша Станционный ауылдық округінің тұрғындары да өз әкімін таңдап жатыр. Ол жерде де үш кандидат тіркелген. Жалпы ауданда 2021 және 2022 жылдары сегіз ауылдық округтің және бір ауылдың әкімі сайланған.