Асқар Шәкіров ресейлік депутаттың пікіріне жауап берді

Қазақстанда биологиялық қару жасауға бағытталған зертхана жұмыс істейді деген қауесет шындыққа жанаспайды.

Сенат депутаты Асқар Шәкіров ресейлік әріптесі Олег Матвейчевтің мәлімдемесіне қатысты осындай пікір білдірді. Оның айтуынша, Ресей мемлекеттік тумасының депутаты бұған дейін де елімізге қатысты қисынсыз ой-тұжырымдарымен көзге түскен. «Жалпы мұндай мәлімдемелер абырой әкелмейді. Екі елдің қарым-қатынасына сызат түсіруі мүмкін», -дейді сенатор.

Асқар Шәкіров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл мәлімдеме шындыққа жанаспайды. Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының референттік зертханасы халықаралық деңгейдегі жалғыз нысан. Оның мақсаты - биологиялық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету, ғылыми негіздерді әзірлеу және қолданысқа енгізу, аса қауіпті инфекциялардың тәуекелдерін бағалау, оларды алдын алу. Аталған лаборатория ел бюджетінен қаржыландырылады және мемлекеттің тікелей бақылауында.